Шымкентте көшеттер жаппай қурап қалды

Шымкентте бюджет ақшасына сатып алынған көшеттер қурап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жазы-қысы суарылмаған. Мысалы, «Шымсити» шағын ауданына егілген 5 мыңнан аса көшеттің көбі сол бойы солып қалған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған еріктілер хабарлады. Белсенді топ өкілдері көшеттерді санап, мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратпен сәйкестігін тексерді. Олардың сөзінше, көшет саны да тапсырыс берушінің сұранысына сай емес. Енді 62 миллион 500 мың теңгеге жарияланған күмәнді конкурсты антикор тексереді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері мемлекеттік акт жасап, шығын көлемін анықтауға кірісті. Жеткізуші компаниялармен келісім жасалып, көшеттер қайта егілетін болды.

Айжан Кесебаева, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер»  жобасының мүшесі:

- Біздің санауымыз бойынша 4 мың 762 көшет саналды. Екіншіден, 3700-і қурап тұрғаны анықталды және, бір қызығы, ұтып алған компаниялардың барлығымен бұл мемлекеттік сатып алу тікелей ешқандай конкурс өткізбестен бір көзден жасалған.

Нұрсұлтан Сейітжанов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Ағаш егу акциясы болғаннан кейін ол бір ай жүргізілді акция. Тәртіп сақталмаған. Яғни, ағаштың түбі жақсы тапталмаған. Оның тамырына ауа кеткеннен кейін шықпай қалған. Өнбеген ағаштың барлығын алып тастаймыз. Орнына қалпына келтіру үшін мемлекеттің қаржысына емес жаңағыдай компаниялар әкеліп береді.