Теміртауда қоршаған ортаны жақсарту мақсатында қоғамдық тыңдау өтті

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы келер жылға экологиялық рұқсат ала ма? Осы тақырып төңірегінде қоғамдық тыңдау өтті.

Зауыт жұмысшылары, Теміртау қаласының тұрғындары табиғатты қорғауға бағытталған жобалар мен қоршаған ортаны жақсартуды көздейтін жоспарлармен танысты.

Бұл жолғы қоғамдық тыңдауда бірнеше экожоба мен экологиялық бақылау бағдарламасы сараланды. Әсіресе Теміртау қаласын көгалдандыру және «Жасыл белдеу» құру қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Ағаш егілген аумақ 360 га-ға жетіп, миллионнан аса жас көшет әкелінді.

Гүлнар Стамқұлова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративті әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директордың м.а: 

- Тексерілген учаскелер бойынша тұз қалдықтарының белгіленген мөлшерден артық көлемі анықталды. Яғни өте төмен деңгейден өте жоғары көлемі тұрып қалған. Сол себепті ағаш тұқымын таңдау түскенде осындай зиянды заттарға төтеп бере алатын сібір алма ағашы, қызыл үйеңкі және қарағашқа басымдық бердік.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы келер жылы атмосфераға шығаратын өндірістік қалдықтар мөлшерін азайтуды мақсат етеді. Соның ішінде бірінші және екінші жылу энергия орталықтарының жұмысы баса назарда болады. Агломерациялық өндіріс те шет қалмайды. Қазір химиялық тұту цехының құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек газ тазарту және екінші қайтара шаң басу жүйелерін жетілдіру жоспарланған.

Константин Цимбал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ техникалық директоры:

- Бұл металлургиялық комбинаттың алдағы жұмысына және қаланың игілігі үшін маңызды шара саналады. Комбинат пен Теміртау қаласы бір-бірінен ажырамайтын түсінік екенін жақсы білеміз. Олар бір-бірімен тығыз байланыста.

Тұтастай алғанда кәсіпорында барлық экологиялық жобаны жүзеге асыру ісі жалғаса береді. Қоғамдық тыңдауда айтылған ескертпелер мен ұсыныстар басшылық назарына алынып, қолға алынған жобаларды жетілдіруге бағытталады.

Авторы: Данияр Сұлтанұлы