Алматыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келушілер көбейді

Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келушілердің қатары көбейді.

Зейнеткерлер бұл жерде уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын шыңдай алады. Қалада жалпы саны 10 бөлімше жұмыс істейді. Соның бірі, Алмалы ауданындағы орталыққа ай сайын келушілердің саны 1500-ге жеткен.

Бұл мерекелік концерт емес, жай ғана Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының музыка үйірмесі. Мұнда аяқ басқан зейнеткерлер өзінің денсаулығына қарай көңілінен шыққан үйірмелерге жазылып, тегін қатысады. Мысалы, 73 жастағы Алуа Жұманова Алмалы ауданындағы орталық ашылған күннен бері қалмай келіп жүр екен. 

Алуа Жұманова, зейнеткер:

- Мен бұл жерге басында Скандинавиялық жүріспен бастадым. Сосын осы жерде не бар, соның бәріне келіп жүрмін. Йога, Айкүне бәріне-бәріне қалдырмауға тырысып жүрміз.

Зейнеткер Әлиасқар Мұсаев бұл жерде қыш бұйымдарды жасау технологиясын үйреніпті. Бұл істің бір пайдасы – жаныңызға тыныштық сыйлайды,-дейді. 

Әлиасқар Мұсаев, зейнеткер:

- Көбінесе біз ваза жасаймыз, тарелкалар жасаймыз, соларды өрнектейміз. Мына жақта бірігіп істеп жүрген жігіттеріміз бар, қыздар да бар, апаларымыз, аталарымыз бар. Солар бірігіп осындай тіршілікке көңіл қойып жұмыс істеген тіршілігіміз осындай дамып жатыр.  

Орталықтың мақсаты зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік-медициналық көмек көрсету және оларды қоғамдық өмірге тарту. Мұнда 30-дан аса үйірме жұмыс істейді. Күніне 200-ден аса қарт келіп шеберліктерін шыңдауда. 

Қанат Оралұлы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры:

- Скандинавиялық жүріс, йога, латын биі бар, ұлттық би. Оның ішінде классикалық билер де бар және өзіміздің ұлттық нақышта қыш өнерін көтеріп жатырмыз. Тоқыма апаларымызға өздеріне керек-жарақ заттарын тоқып алып жатыр. 

Жалпы қала бойынша 10 белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Оларға айына 12 мыңнан астам адам келеді екен. Айта кетейік, орталықта зейнеткерлер үшін қызметтің барлығы тегін көрсетіледі.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев