БҚО-ның Ақпәтер ауылында зейнеткер музей кешенін ашты

Батыс Қазақстан облысының Ақпәтер ауылында зейнеткер ашық аспан астындағы музей кешенін ашты.

Ол қазақ қайраткерлерінің аллеясы мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін жасақтаған. Экспонаттарды өзі ұзақ жыл бойы жинаған.  Қария бұл жобаны Республика күні қарсаңында жұртшылыққа тарту етті.

Меценат Кәрім Өтеғұлов Ақпәтер ауылында осыдан он жыл бұрын тарихи-өлкетану музейін ашуға мұрындық болған еді. Зейнеткер енді мәдени нысанның ауласын да мұражайға айналдырды. Жаңадан ашылған аллея мен көрме 5 мың шаршы метр аумақта алып жатыр. Осы ауылда ұзақ жыл еңбек еткен коллекционер әр жәдігерде ұмытылмас естелік барын айтады.

Кәрім Өтеғұлов, ауыл тұрғыны:

- Тарихи жәдігерлерді, тарихи құжаттарды жинақтау, елдің, жердің аттарын түгендеу, елдің ақсақалдары мен билік құрған басшыларымен ақылдасып, сөйлесіп, көптеген мәліметтер жинақталды. Келешек ұрпақтар өзінің әке-шешесінің кім екендігін, олар не жұмыс жасағандығын, осы ел қандай жағдайда тұрғандығын білу үшін біз осыған келдік. Осыған 85-жылдардан бастап жинақтадық.

Аллеяда мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің бюсті қаз-қатар тізіліп тұр. Ал техникалар көрмесінде өткен ғасырда қолданылған трактор, комбайн, тіркемелер, кран, қайық, дән сепкіш және егістік оратын құралдар қойылған. Сонымен қатар 12 қанатты киіз үй құрылды.

Мирболат Ерсаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 18 бөлімі бар. Соның бірі мына Ақпәтер тарихи өлкетану музейі. Ауласы, экспозициясы қайтадан жаңартылып, үлкейіп жатыр. Аулаға қазіргі таңда 60-қа жуық техника қойып отырмыз. Қазақстандағы тұңғыш музей деп айтуға болады. Себебі ашық аспан астындағы техникалар қойылған музей.

Мәдени нысандағы экспонаттарды тамашалауға келгендер қатары көбейіп жатыр. Мамандар ерекше бағытта ашылған музей алдағы уақытта туризмді дамытуға да ықпал етеріне сенеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ерденбек Жылқайдарұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов