Қарағанды облысында өрт сөндіру станциялары салынды

Қарағанды облысының орман өртін сөндіру қызметі биыл 5 бірдей жаңа станциямен толықты.

Табиғат сақшылары енді өрт шыққан жерге жедел жетіп, тілсіз жаудың бетін қайтара алады. Жаңа нысандар замануи құралдармен жабдықталды. Сондай-ақ мамандарға ыңғайлы жағдай жасалған.

Өрт сөндіру қызметіне автоцистерна, шағын орман патрульдік кешені, жер жыртатын соқа тіркелген трактор мен жеңіл машиналар алынды. Сондай-ақ, жазғы және қысқы арнайы киім де бар. Салада 40 жылдан бері жұмыс істейтін Александр Яковлев материалдық-техникалық базаның нығаюы, жұмысты едәуір жеңілдететінін айтады.

Александр Яковлев, орман шаруашылығының ардагері:

- Басты міндет-бар орман алқабын сақтап қалу. Экологиялық тұрғыда оған  баға жетпейді. Өрттің  басты жау екені белгілі. Енді өртпен күрес, оны сөндіру жеңілдей деп ойлаймын. Бұл көгалды қорғауға да, ондағы жұмыс істейтін біздің әріптестерге де зор қолдау болды.

Керней ауылындағы өрт сөндіру станциясын 2 айда  салып бітірді.   Модульдік бекетте шағын асхана, көлік қоятын арнайы орын бар. Жаңа станцияның ашылуы қосымша жұмыс күшін тартуға мүмкіндік береді.

Мақсат Мұқанов, орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының басшысы:

- Мұнда 58 адам жұмыс істейді. Оның 23-і өрт сөндірушілер, 35 адам орман күзетшісі. Бүгінгі таңда мұнда бір өрт камазы, бір УАЗ патриоттық машина одан кейінг екі жеңіл машина бар екі трактор бар, соқалары мен.  Көптен күткен мәселе еді, сол шешіліп ұжымның барлығы қуанып жатыр.

Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту – басты мәселенің бірі дейді. Сондықтан биыл Осакаров, Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет және Қарқаралы аудандарында да жаңа станция бой көтерді. Олар 42 жаңа техникамен толығып, үш шаруашылыққа жаңадан мамандар алынатын болды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар