Маңғыстау облысында газ құбыры іске қосылды

Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының екінші желісі іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұзындығы 308 шақырымдық көгілдір отын желісін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов телекөпір арқылы қосты. Нысан жылына 5,8 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы. Жобаға QazaqGaz және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылды.

Сонымен қатар «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» ірі газ құбырының 3 желісін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Премьер-министр қатысушыларды маңызды жобалардың аяқталуымен құттықтады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Аз ғана уақытта 308 шақырым магистральды газ құбыры салынды. Бұл жоба өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым жүйесінің қуатын арттыруға ықпал етеді. Екінші газ құбырының өткізу қабілеті 5,8 миллиард текше метрді құрайды. Бұған дейін аталған бағыттың өндірістік қуаты шамамен 3 миллиард текше метр ғана болатын. Бүгін іске қосылатын газ құбырын есептегенде 2 газ құбырының жалпы өткізу қабілеті шамамен 9 миллиард текше метрді құрайды. Осының арқасында Маңғыстау облысының тұрғындарымен қатар МАЕК сияқты маңызды кәсіпорындар табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етіледі.