Мұнай ұңғымалары ауыз суды ластап отыр

Мұнай ұңғымалары ауыз суды ластап отыр

Еліміздің батыс өңірін толығымен ауыз сумен қамтамасыз ете алатын Көкжиде кен орнындағы жер асты суын мұнай өнімдері ластаған.

Сенатор Бауыржан Қаниев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселе туралы айтты. Сенатор кен орны республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілгенін атап өтті.

Сенатор Мемлекет басшысы өз Жолдауында су тапшылығы проблемаларын ерекше атап өткенін еске салды.

2009-2019 жылдар аралығында осы ерекше жер асты суын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Көкжиде» құмы объектісіндегі 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша жыл сайын жер асты суын мұнай өнімдері ластағаны тіркелді. Ал 2020 жылы Көкжидедегі жер асты суындағы мұнай өнімдерінің рұқсат етілген шекті құрамы 6 есеге көбейіп кеткені анықталды, - деп атап өтті сенатор.

Депутат 2,5 миллионға жуық адам пайдалана алатын су көзін сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Сенатор осы жағдайға байланысты шұғыл түрде жүзеге асуы тиіс бірқатар шараларды ұсынды.

Көкжиде жер асты суының аумағындағы мұнай өндіруші барлық кәсіпорынның жер асты суын пайдалануға рұқсатын тексеру керек. Аталған аумақта 2025 жылға дейін мұнай және газ ұңғымаларын кезең-кезеңімен жою жөніндегі шаралар жоспарын қысқа мерзімде әзірлеу және бекіту маңызды. Жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылау қажет, - деді депутат.