Келер жылы Астананың әр ауданында жаңа аялдамалар орнатылады

Келер жылы Астананың әр ауданында жаңа әрі жылы 10 аялдама орнатылады.

Бұл туралы қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімі хабарлады. Бас маман Жәнібек Мақсұтовтың сөзіне сүйенсек, ішінде жылу жүйесі бар павильондардың құны 10 млн теңгеден басталады. Бірақ кейбір жабық аялдамалардың ішінде әлі жылуы қосылмаған. Мәселен, Есіл ауданында осындай 15 нысан бар. Тексеру жұмыстары жүргізіледі, дейді қалалық әкімдік өкілдері.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Астанада 1150-ден астам аялдама бар. Оның ішінде 222 жылы аялдамалар. Елордада биыл осындай 40 павильон пайдалануға берілді. Келер жылы тағы 50 нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бірақ өкініштісі сол, осындай жылы павильондардың ішінде жолаушылардан бұрын, жолаушылардың кіруіне кедергі келтіретін беймарал тынығушылар көп.

Мәселен, отырған жерінде тәтті ұйқыға кеткен бұл кісілер автобустың келуін күтпесе керек. Сырт суық болған соң, кез келген жылы жерді паналайтыны немесе ұзаққа аялдайтыны түсінікті. Мұны көрген жолаушылар "жағымсыз иісі бар жылуынан, таза ауасы бар суығы артық", - дейді.

Өркен Сансызбай, қала тұрғыны:

- Жаздың күні ашық аялдамалар бар. Солайымен тұр әлі. Жабық аялдамалардың көбінде жылуы жоқ. Оның ішінде "бомждар" дейді ғой жалпақ тілмен айтқанда, іші сасып жатыр. Дәреттері бар, ішкен арағы мен сырасы бар, қақырып-түкіргені бар. Ұлы сөздің ұяты жоқ. Ішінің бәрі лас. Халық отыра алмайды. Мына "Жасыбай аялдамасы" қасына барсаңыздар, бір жағын бәліш пісіретін ұзын неге беріп қойған, ал халыққа алақандай ғана жерді беріп қойған.

Қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Жәнібек Мақсұтовты сөзге тартып, "бұл мәселе қайтып шешілмек?" деген сауалымызға, "тазалық пен жайлылыққа аудан әкімдіктері ғана жауапты" деп қысқа қайырды.

Қалалық әкімдік өкілінің сөзіне сүйенсек, аялдамалардың жағдайын мамандар әр апта сайын тексеріп отырады. Бірақ бұл пікірмен мердігер компания жетекшісі Думан Қабдығалиев келіспейді. Өйткені оның аумағына қарасты жылы павильондардың есігі жиі істен шығады.

Думан Қабдығалиев, мердігер компания өкілі:

- Екі ай ішінде 5 есік ауыстырдық. Сорақысы сол, тең жартысы вандализм салдарынан істен шыққан. Тағы 7 есікке тапсырыс бердік. Әдетте, кісі қарасы көп жүретін орталық аялдамалар мен шеткі аудандардағы павильондар ұдайы бұзылады.

Павлодар қаласында алты-ақ жылы аялдама бар. Төртеуін жеке кәсіпкерлер өз қаражатына тұрғызған. Жылу жүйесі бар екі аялдама бюджет есебінен орнатылып, жеке тұлғаға жалға берілді. Осындай бір аялдаманың құны 7 млн теңгеге жуықтайды. Облыс орталығында биыл тағы екі аялдама салу көзделіп отыр.   

Оразбек Саяхат, Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:

- Естай көшесіндегі "Квазар" аялдамасы мен Торайғыров көшесіндегі "Конституция алаңындағы" павильондар бюджеттік қаржы есебінен салынған. Олар қазіргі уақытта мына күтіп ұстау үшін жеке ұйымдарға жалға берілген. Ал қалған төрт аялдама мына кәсіпкерлердің жеке есебінен салынған болатын және сондай-ақ, мына Торайғыров көшесіндегі вокзал алаңы аялдамасы мен Назарбаев даңғылындағы Бірінші саяжай аялдамасына осы жылытылатын павильондар орнату жоспарланған.

Өскеменде 20 жылы аялдама бар. Күн суыта қалса болды, ішін үй-күйі жоқтар паналай бастайды. Тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтардың кейбірі белгілі бір павильондарды тұрақты орнына айналдырып алған. Өйткені түскі уақытта да ішінен шықпайды, дейді жолаушылар. Осыған байланысты балалары үшін алаңдаған ата-аналар жаңа аялдамалардың ішіне бейнебақылау камераларының орнатылғанын қалайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы