Ақмола облысында өрттен өлім-жітім көбейді

Ақмола облысында жылыту маусымы басталғалы 60-тан астам өрт тіркеліп, 4 адам қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы жағдайдың басым бөлігі жеке сектордағы үйлерде анықталды. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер көбіне тұрғындар мас күйде ұйықтап, пештері қараусыз қалады, ал оның соңы қайғылы жағдайға ұласады дейді.

Жалпы жылыту маусымы басталғалы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері 108 мың үйді тексеріп, 5 мыңнан астам олқылықты анықтаған.

Думан Дәлешов, ТЖД басқарма бастығы:

- Әлеуметтік осал топтар дейміз ғой, біріншіден, сол кісілерге назар аудардық. Сол кісілердің тұрғын үйлеріне өрт дабылдағыштарын орнаттық. Жергілікті атқару органдармен бірлесіп, жылыту пештерінің мұржаларын тазалауға көмектестік. Барлық күш құралдарымызды Қосшы қаласы мен Целиноград аудандарына жұмылдырудамыз. Негізінен осы аудандарда жылыту маусымы басталғалы өрт фактері көп тіркелуде.