Атырау облысындағы мектеп құрылысына қосымша ақша бөлінді

Атырау облысы Есбол ауылындағы осыдан 3 жыл бұрын іргесі қаланған мектепті салып бітіруге қосымша қаражат бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда құрылыстың 60%-і аяқталды. Материалдардың қымбаттауы жұмысқа қолбайлау болды. Сондықтан да жергілікті билік сметалық жобаны қайта қараған.

Ұзаққа созылған мектеп құрылысының тауқыметін алдымен оқушылар тартуда. Қалам Есқалиев атындағы орта мектеп – облыста ғана емес, еліміздегі ең ескі білім ошақтарының бірі. Бұрынғы үлгідегі ғимараттың тарлығынан оқушылар 3 жерге бөлініп оқиды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл мектеп ғимаратының іргетасы 1936 жылы қаланып, 1937 жылы пайдалануға берілген, дейді құжатында. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мектеп ешқандай да апаттық жағдайда емес. Бірақ қазіргі стандартқа сай келмейді екен. Оның дәлізі, класс-кабинеттері де өте тар. Сондықтан да осында оқитын 205 бала жаңа ғимараттың бітуін асыға күтіп жүр.

Осыны ескерген жерігілікті билік 2021 жылы Есбол ауылында 300 орындық мектептің құрылысын қолға алған. Бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауынан мердігер құрылысты 3 жылға созып жіберді.

Арман Қайыржанов, мердігер мекеменің өкілі:

- Бұл – 320 орындық мектеп құрылысы. Қазіргі таңда құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Бәрі жеткілікті, материалдар да келіп жатыр. Бұйырса, келесі жылы жаңа оқу жылына тапсыру жоспарда бар.

3 гектар аумақты алып жатқан мектеп алаңында оқушыларға барлық жағдай қарастырылған. Аулада волейбол, баскетбол ойнауға арналған спорттық алаңдар, ботаникалық тәжірибе учаскесіне дейін бар. Құрылыс аяқталса, ауылдағы 2 мектептің 300-ге тарта оқушысы жаңа білім ұясына көшеді. Ал бұған дейін 140 бала оқып келген Есбол мектебі балабақшаға айналады, - дейді ауыл әкімі.

Асхат Тілекқабылов, Есбол ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі уақытта ауылымызда 105 бала балабақша кезегінде тұр. Құрылыс біткен уақытта ол ғимаратқа «Қарлығаш» балабақшасы барайын деп отыр, 25 баламен. Сонда ол мектеп біткен кезде 2 мектептің балалары жаңа оқу ғимаратымен қамтылып, сосын ауылда балабақша кезегінде тұрған балалардың мәселесі толықтай шешіледі.

Атырау облысында бала санының артуына байланысты үш ауысымдық оқыту жүйесі 11 мектепте қалыптасып отыр. Осыған орай жергілікті биліктің қолдауымен 2025 жылға дейін аймақта 21 мектеп салынады. Оның 3-еуі Индер ауданында бой көтереді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.