18 млн-ыншы бүлдіршіннің 20 млн-ыншы нәрестелерге тілегі

Жетісу облысында еліміздің ерекше тұрғыны тұрады. Ол осыдан 6 жыл бұрын дүниеге келгенде, Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны атанып, барша жұрт қуанған еді.

Мүслима Саматқызы қазір Талдықорған қаласындағы №29 лицейдің мектепке дейінгі даярлық тобына барып жүр. Мүслима Қазақстан халқының 20 млн болғанын естіп, өзінің ақ тілегін жолдады.

Мүслима 2017 жылы 11 мамырда Талдықорғанда дүниеге келді. Ата-анасы облыс орталығындағы өзі білім алып жүрген № 29 мектеп-лицейінде сабақ береді. Әкесі Самат Бестібай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал анасы Диана Омарханова дефектолог болып жұмыс істейді. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген жақсы сөз бар. Бағзы замандардан жеткен сол мақалда айтылғандай, Мүслима да мынау жарық дүниеге өз несібесімен келген қыз...

Самат Бестібай, Мүслиманың әкесі:

- Оның алдында біздің Сұлтан деген үлкен ұлымыз болған. Одан кейін Мүслима дүниеге келді. Облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізіп, үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Қазір, міне, осы үйде, сол шаңырақта бізден сұхбат алып отырсыздар. Мүслиманың артынан еріп келе жатқан Әлима деген қызымыз бар. Көпбалалы отбасы болу ойымызда бар.

Диана Омарханова, Мүслиманың анасы:

- Еліміз 20 миллионға толып жатыр деген үлкен қуаныш естіп жатырмыз. Сол 20 миллиондық қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Бұл енді тек қана сол отбасының қуанышы емес, бұл барша еліміздің, Қазақстанның қуанышы десек те болады. Еліміздің демографиясы өсіп, өркендей берсін дегім келеді.

Мүслима бос уақытында сурет салумен және көркем гимнастикамен айналысады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Ол жақында Талдықорғанда көркем гимнастикадан өткен жарыста бірінші орын алды. Мүслима «Ақымақ қасқыр», «Мақта қыз бен мысық» сияқты ертегілерді оқып, тыңдағанды ұнатады және тақпақ айтқанды жақсы көреді.  

Мүслима Саматқызы, Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны:

- Әкең – асыл ардағың,

Анаң – дана қорғаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарын құттықтаймын! Өсе берсін, ауырмасын! Мама-папаларын тыңдасын! Аман болсын!

Мүслима Саматқазы болашақта дизайнер болуды армандайды. Ал оның ата-анасы елдегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсуі тиіс деген пікірде.

Жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпақ жақсы тәрбие алып, отбасылық құндылықтармен қоса ұлттық, мемлекеттік мүддені жоғары дәріптей білуі тиіс, – дейді олар.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина, «Хабар-24», Жетісу облысы.