Ұлытау облысында 9 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тек ішкі әрлеу мен электр желілерін тарту жұмыстары қалды. Бұған дейін аудан орталығына қатынаған тұрғындардың тілегі орындалар күн алыс емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан нысан желтоқсан айында тапсырылады.

Бидайық ауылының фельдшері Ғалия Нұржанова құрылыс басына күніне бір соғады. Әдеттегідей бүгін де жұмыстан соң келіп, атқарылған жұмыстарды көріп шықты. Себебі ұзақ жыл күткен нысанның құрылысы сапалы орындалғаны маңызды.

Ғалия Нұржанова, Бидайық ауылдық округінің фельдшері:

- Күтіп жүрміз. Иә, асыға күтеміз. Жаңаның аты – жаңа. Қуанамыз, әрине. Ауылымызға жаңа мекеме қосылып отыр. Біз де жақсы еңбектенеміз дейміз енді.

Бидайық ауылдық округінде мың жарымнан астам адам тұрады. Ауылға қарасты 4 бөлімше бар. Соңғы жылдары халық саны қарқынды өсіп жатыр. Тірлігі түзу елді мекенге жылына кемінде 10 шақты отбасы көшіп келеді. Ғалия бастаған дәрігерлер осыған дейін ауылдықтарға түрлі ғимаратта отырып, қызмет көрсететін. Енді денсаулығы сыр бергендер аудан орталығына барып әуре болмайды.

Сапарғали Жақыпов, Бидайық ауылының тұрғыны:

- Әрине, жақсы. Бұған ел қуанып отыр. Бұл ауыл енді келешегі бар ауыл болғандықтан, жастар осында тұрақтану үшін де осындай шаруалар іске асырылып жатыр.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң нысанның іші жаңа жиһазбен, медициналық құралдармен жабдықталады. Желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады. Оның үшеуі Жаңаарқа ауданына бой көтерді.   Нысандар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен  «Ауыл медицинасын жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатыр.     

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.