Мемлекеттік қызмет көрсетуде 45 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды

Оның 58 пайызы әкімдіктерге тиесілі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары осындай мәлімдеме жасады. Салауат Мүксімовтің айтуынша, заңсыз әрекеттердің басым бөлігін қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, артық құжаттарды талап ету және негізсіз бас тарту құрайды. Бұл тұрғыда Агенттік мемлекеттік қызмет алушылардың құқығын қорғауды алға қойған. Қазір аталмыш салаға бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сапасыз қызметке қатысты азаматтардың арыз-шағымдарына баса мән берілді.

Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Келіп түскен арыз-шағымдарға аса мән беріледі, мұқият қаралады. Жыл басынан бастап мемқызмет сапасына қатысты 1000 астам шағым түсті. Оларды қарау аясында 577 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 298 мемлекеттік органдар мен ұйым басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және осыған байланысты 22 млн тг астам айыппұл төледі.