Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық саны артып, қала аумағы кеңейген сайын 10 бөлімше аздық етіп жатыр. Енді депо санын екі есеге дейін көбейту жоспарланып отыр.

Жаңа депоның 2 қабатты ғимараты бір гектардан астам аумақта орналасқан. Ішінде оқу, тынығу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, сондай-ақ өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған жаттығу мұнарасы  бар.

Сырым Шәріпханов,​ ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бұл – енді алғашқы рет жергілікті атқару органдармен өз қаражатына салып отырған ғимарат және де берілген ішіндегі құрал-сайман бәрі де орын-орнымен. Сол енді үлкен бір жетістік деп атап өтуге болады.

2 миллиард теңгеге тұрғызылған жаңа депода 108 қызметкер жұмыс істейтін болады. Жаңадан көпқабатты үйлер салынып жатқан шағын ауданға депоның қажет екені анық, - дейді мамандар. Жедел әрекет етіп, өрт сөндіру үшін  барлық жағдай қарастырылған. Тіпті 14-ші қабаттан адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік бар. Бұрын техника 9-шы қабаттан әрі көтеріле алмайтын.

Еркін Отарғалымұлы, қалалық  ТЖД бастығының орынбасары:

- Осы аталған өрт сөндіру бөлімі осы радиус дейміз ғой, 3 шақырым орналасқан елді мекендерді, сонымен қатар қалалық іскерлік және де әкімшілік ауданды өртке қарсы қорғауға толыққанды қорғауға алынды қазіргі таңда.

Бұл депо күні-түні жұмыс істейтін болады және қаладағы өзге өрт сөндіру бөлімдерінің жүктемесін азайтады. Мамандардың айтуынша, қазір Шымкентте осындай нысандар жетіспейді. Биыл өрттен қаза болғандардың саны 5 есе өскен.

Азиз Саипов, қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:

- Техникалық регламент бойынша өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына 10 минут ішінде жетуі керек. Ал бізде тілсіз жаумен күресуге шыққандардың 25%-і ол уақытта асып жеткен. Кейде 12, кейде 15-20 минутта барған.

Қалада өрт сөндіру деполарының жетіспеушілігін жою үшін  «Сайрам» шағын ауданы мен Түркістан көшесінде жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Алайда біреуінің құрылысы 7,5 айда бітуі тиіс еді, бірақ мердігердің салғырттығынан созылып кетті. Енді орнына келген компания жыл соңына дейін салып беруге уәде беріпті.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы.