Ембі мұнайшыларының еңбегі зор

Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» компаниясы биыл 10 айда 2 млн 250 мың тонна мұнай өндірді.

Кәсіпорынның биылғы жоспарды шамадан асырып орындауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ өндірісті тиімді басқарып, қызметкерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында технология үнемі жаңарып отырады. Мысалы, «Интелектуалды кен орны» жобасы  арқылы барлық өндіріс бір орталықтан басқарылса, «Сапарларды басқару жобасы» қауіпсіздікті бақылап, жол апатының алдын алады.

Прорва кен орнындағы газ дайындау және күкірт алу цехы жылына 150 млн тонна газ қабылдайды. Мына 7 қондырғы ілеспе газды өңдеп, күкіртсутектен ажыратады. Осылайша тауарлы газбен бірге 2700 тонна түйіршіктелген күкірт, 4100 тонна конденсат өндіреді.

Мәди Бек, газ дайындау және күкірт алу цехы бастығының орынбасары:

- Бізде процесстің бәрі толық автоматтандырылған. Орталық басқару пультінде орталық операторы бәрін қадағалап отырады. Аппараттардың температурасын, ішіндегі қысымын, керек болған жағдайда сырттағы операторға тапсырма беріп, солай басқарады.

Мұндағы арнайы зертхана тәулігіне 8 мәрте газ құрамына талдау жасайды. Жабдықтарға арналған жөндеу шеберханасы да бар. 14 күн вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар әрқайсысы 100 орындық 5 жатақханада жатады. Мұнда қызметкерлер үшін тренажер залы, бильярд, теннис бөлмесінен бөлек, спорт кешені, караоке, медпункт бар.

«Ембімұнайгаз» - еліміздегі ірі салық төлеушілердің бірі. 2020-2023 жылдың 10 ай кезеңінде ұлттық қорға, республикалық және облыстық бюджетке 480 млрд теңге салық төлеген.

Сәбит Арынов, "Ембімұнайгаз" АҚ бас директоры:

- Адам өлімі тіркелген жоқ.  Жол апаты тіркелген жоқ. Рекультивация жұмыстары толығымен орындалып жатыр. Сонымен қатар ластанған заттардың шығымы 2017 жылмен салыстырғанда 50 пайызға дейін азайды.

Компанияның толықтай автоматтандырылған «Өндірістік процесстерді бақылау» орталығында  барлық ақпарат бар. Ембіліктер қолға алған «Интелектуалды кен орыны» мен «Сапарларды басқару» жобалары өз нәтижесін беріп отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов