2050 жылға қарай атом энергетикасының өндірісі 3 есе ұлғаяды

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады.

Ірі мұнай өндіруші компаниялар ауаға бөлінетін метан мен көмірқышқыл газының мөлшерін азайтады. Дубайдағы КОП-28 климат саммитінде осындай шешімдер қабылданды.

Климат дағдарысын еңсерудің бір жолы - атом энергетикасының өндірісін арттыру. Мұны Дубайда өтіп жатқан саммитке қатысушылар бірауыздан мақұлдап отыр. Өйткені атом энергетикасының экологияға зияны аз. Мысалы, көгілдір отынға қарағанда көмірқышқыл газын 40 есе кем бөледі. Көмірмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш тіптен 70 есе аз. Сондықтан Дубайдағы саммит аясында 22 мемлекет 2050 жылға таман атом энергетикасының қуатын 3 есе ұлғайту туралы декларацияға қол қойды. Солардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Польша секілді елдер бар. Олар атом электр станциялары мен ядролық отын қалдығы қоймасының қауіпсіздігін арттыруға уағдаласқан. Сонымен қоса саладағы жаңа жобаларға бөлінетін қаржы көбейетін болды. Озық ядролық реакторлар салу да жоспарда бар.

Анджей Дуда, Польша Президенті:

- Атом энергетикасын қолдау бойынша ЕуроОдақ нақты қадамдар жасауы қажет. Польша 2025-жылдың алғашқы жартысында Одаққа төрағалық ететінін білесіздер. Сол уақытта атом энергетикасына көшу жағына ден қоюды көздеп отырмыз.

Румен Радев, Болгария Президенті:

- Алдағы уақытта баламалы энергия көздері адамзат қажеттіліктерін толықтай өтей алмауы мүмкін. Сондықтан атом энергетикасына үлкен үміт артып отырмыз. Мұның экологияға залалы аз. Өндіріс тәсілі қауіпсіз деп саналады.

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады

Саммитке қатысушылардың мақсаты бір. Ол - электр энергиясын өндіруде қазбалы отынның үлесін азайту. Сол үшін алқалы жиынға қатысып жатқан 117 мемлекет жаңа міндеттемелер алды. Олар 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр қуатын өндіру көлемін 3 есе арттыруға келісіп, тиісті құжатқа қол қойды. Сонда 7 жылдан кейін көрсеткіш 11 мың Гигаватқа жетуге тиіс.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия Президенті:

- Өкінішке қарай, кейбір елдердің бюджеті жаңартылатын энергия көздеріне көшу шығынын жаба алмайды. Мұны жуырда Кенияда өткен Африкалық климат саммитінде түсіндік. Сондықтан ондай мемлекеттерге көбірек қаржы бөлу керек. Осы мақсатта ЕуроОдақтың алдағы 2 жылда 2 миллиард 300 миллион еуро бөлетінін қуана хабарлаймын. Ақша өзіміздің өңір мен әлемнің өзге елдерінде жаңартылатын энергия көздеріне көшу шығынын өтеуге жұмсалмақ.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

- Бүкіл әлемде құрғақшылық, дүлей дауыл, орман өрті мен су тасқыны секілді табиғат апаттарының жиілеп кеткенін көріп отырмыз. Мұның бәрі адамзат әрекетінің салдары. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін мейлінше көп тұтынуға үндейміз. Сондай-ақ жаңа көмір электр станцияларының құрылысын тоқтатуға шақырамыз. АҚШ мұны он жыл бұрын жасады. Біз парник газдарын азайту үшін 1 триллион доллар инвестиция құйдық. Бұл жаһандық жылынумен күресіп, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қажет. Бұл АҚШ қана емес, бүкіл әлем тарихында бөлініп отырған ең үлкен қаражат.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес

- Иә, расымен АҚШ климаттың өзгеруімен күреске аз ақша бөліп жатқан жоқ. Президент Дональд Трамп тұсында мемлекет Париж келісімінен шығып кеткен еді. Енді Джо Байден әкімшілігі экологиялық жобаларға мейлінше көп қаржы құйып, орнын толтыруға тырысып жатыр. Жалпы көмірқышқыл газын бөлу  бойынша америкалықтар әлемде алғашқы үштікке кіреді. Сондықтан Штаттар жаһандық жылынумен күреске мол инвестиция құйсын деген пікір де жиі айтылады. Дубайдағы саммит барысында АҚШ-тың БҰҰ қорына 3 миллиард доллар бөлетіні белгілі болды. Ол дамушы елдерге көмекке беріледі.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

- АҚШ климаттың өзгеруімен күресте көшбасшы саналады. Биылдың өзінде біз бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемін 9 жарым миллиард долларға арттырдық. Байден 2024 жылға дейін бұл межені 11 миллирдтан асыруға ниетті.

Саммитте қабылданған маңызды шешімдер

Саммит кезінде Дүниежүзілік банк экологиялық жобаларға жыл сайын 40 миллиард доллардан бөліп отыратыны да белгілі болды. Мұның алдындағы көрсеткіш 10 миллиардқа кем болатын. Сонымен қоса алқалы жиында жария етілген маңызды жаңалықтың бірі - ірі мұнай компаниялары метан мен көмірқышқыл газының шығындыларын азайту туралы Хартияға қосылды.

Саммиттің аяқталуына әлі бір аптадай бар. Жиында одан да маңызды шешімдер қабылданады деп үміттенеміз.