Қостанай облысында 279 адам жеке кәсібін ашты

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы жыл ішінде Қостанай облысында 279 адам жеке кәсібін ашты.

Олардың басым бөлігі мал шараушылығымен айналысып отыр. Жалпақ жұрттың жағдайын көтеруге бағытталған жобаға қатысуға тілек білдіргендер аз болған жоқ. Бұл ретте негізінен тұрмыс жағдайлары төмен деген отбасылар іріктеліп алынған.  

Үш баланың анасы Нұрана Абдуллаева биылға дейін Үкіметтен адресті әлеуметтік көмек алып келген. Қазір жеке кәсіпкер. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілген жеңілдетілген несиеге тоғыз бас сиыр сатып алыпты.

Нұрана Абдуллаева, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы:
- 3,5 миллион теңге берді. Оған сауынды сиырлар және мал азығын сатып алдық. Жылдық мөлшерлемесі 2,5 процент ғана. Оның өзін бір жарым жылдан кейін ғана төлей бастаймыз. Оған дейін сүтін сатып, төлін көбейтіп есебін шығарамыз деген ойдамын. Қысқасы бұл тұрмыс жағдайды жақсартуға тамаша мүмкіндік.

Халықты қаржылай қолдап, табыс табуына жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар  өз жемісін беріп отыр. Ауылды жерлерде тек әлеуметтік төлемге иек артып отырғандардың саны азайғандығы сөзіміздің дәлелі. Бір ғана Қостанай ауданында бұл көрсеткіш шамамен үш есеге кеміпті.

Қайрат Әбішев, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
- Салыстырсақ біз аудан бойынша 144 отбасы әлеуметтік төлем алатын болған. Қазіргі бірінші желтоқсанда бізде 59 отбасы әлеуметтік төлем алады. Үш есе қысқарып отыр. Гранттар алған азамат, азаматшалар бар. Оның сыртында жұмысқа кіргізген азаматтар бар. Әрине біздің мақсатымыз, біздің жұмысымыз сол табыстары азырақ отбасыларының санын азайту.  

«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен облысқа бір миллиард 600 миллион тенге бөлінді. «Оның бәрі игеріліп, өз мақсатына жұмсалды», – дейді жауапты мекеме басшысы.

Асылан Жаныспаев, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы:
- Біз 279 жобаны мақұлдадық. Негізінен несиеге өтініш берушілердің тұрмыс жағдайларына назар аудардық. Атап айтсақ, адресті әлеуметтік көмек алатындар, жұмыссыздар және өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандарға басымдық берілді. Қазір осы жобаға қатысушылардың 70 проценті сол топқа жататындар.

Әрине ауылдықтар болған соң, жеңілдетілген несие алғандардың дені ата кәсіппен айналысуы түсінікті жәйт. Дегенмен арасында құс өсіріп, халыққа қызмет көрсететін орындар ашқандары да бар. Ең бастысы мамандардың есебінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша іске асқан жобалардың арқасында кемі 300 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров