Жемқорлықтың жаңа түрі пайда болды

Адамнан айла асқан ба?!

Елде пара алудың жаңа түрі белең алып барады. Қылмыскерлер параны қолма-қол ақшамен емес, криптовалютамен алатын болған. Осының кесірінен жымысқы әрекетті әшкере ету қиынға соғып тұр. Бұл туралы Елордада өткен жаһандық форумда мәлім болды. Жиында жемқорлықпен күрестің қазақстандық тәжірибесі талқыланды.

Жемқорлықпен күрес күшейген сайын жымысқы әрекеттің жаңа схемалары ашылып жатыр. Қазір парақорлар криптовалютаға көшіп, істің ізін суытып жүр. Одан бөлек білім саласындағы былық та тыйылмай тұр. 

Мәселен, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өседі, бірақ ол ұстаздарға жетемін дегенше бухгалтерлердің қалтасына түсіп жүр екен. Ең сорақысы, мұндай жағдай елдің барлық өңірінде тіркелді. 

Саян Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы:

- Информациялық жүйе дамымағаны себеп болып, әр өңірде мұғалімдердің жалақыларын, осы саладағы қызметкерлердің жалақыларын бухгалтерлік саладағы қызметкерлер теріс пайдаланып, өзінің қылмыс жасауына себеп болды. Қолмен жазатын мәселе ол информациялық жүйеге кірмейді. сондықтан өздері еркін ақпаратты алып шығып, басқа жүйеге қосады да содан кейін қылмыстық себептер болады. Оны жойылды деп айтуға болады.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтың пікірінше, бюджет саласы да жемқорлыққа белшеден батқан. Мұны тек цифрландыру арқылы ғана шеше аламыз дейді ол.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бюджетті цифрландыру өте маңызды. Осы арқылы біз қажетсіз шығынның алдын алып, жұмсалған қаржының 30 пайызын үнемдей аламыз. Түптің түбінде бұл ақшаны қарапайым азаматтардың пайдасына жұмсауға болады. 

Міне қазіргі ахуал осы. Адам қолы жететін жерде  сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Биыл елде осындай 1500 қылмыс тіркелді. Сол үшін форумда ақпараттың ашықтығы һәм цифрландыру мәселесі майшаммен қаралды. Отандық мамандар бармақ басты, көз қысты әрекетпен күресу үшін қоғаммен байланысты нығайтпақ. Белсенді азаматтар, журналистер және тәуелсіз сарапшылар саланың серпілісіне ықпал ете алады.

Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Бүгін біз Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрестің 20 жылдығына арналған форумды өткізіп отырмыз. Форум барысында көптеген мәселелерді, оның ішінде бюджеттік істердің ашықтығын, мем қызметті цифрландыруды, қылмыстық активтерді қайтаруды, мүлікті тәркілеуді, жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауды талқыладық.

Жемқорлық жер жаһанды түгелдей әбігерге салып отыр. Параның кесірінен әлем экономикасы жыл сайын шамамен 3 трлн доллар шығынға ұшырайды. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. 

Катаржина Вавьерниа, БҰҰ Қазақстандағы даму бағдарламасының тұрақты өкілі

- 2.6 триллион доллар. Жыл сайын сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан әлем елдері осынша қаржыдан айырылады. Менің ойымша, Қазақстан цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жемқорлықпен күрестің көптеген инновациялық әдісін тапты. Салаларда адами фактор біршама азайды. Әрине әлі атқаратын жұмыс көп, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің сапасы мен деңгейін арттыру үшін жеткілікті әлеует пен мүмкіндік бар. 

Иә, жиынға қатысқан халықаралық қауымдастық мүшелері көп болды. Олар жемқорлықпен күрестің тың тәсілдерін ұсынды. Соның бірі форумға Франциядан тікелей қосылған Ольга Савран. 

Ольга Савран, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің менеджері:

- Біздің ұйымның ертеректе жолдаған бірқатар ұсынысын қанағаттандыратын заң жобасы әзірленіп жатқанын естідім. Алайда әлі атқаратын жұмыс көп деп ойлаймын. Заңсыз активтерді қайтару туралы құжатпен де таныстық. Бұл жөнінен де ұсыныстарымызды бердік.

Заң үстемдігін орнату күллі Орталық Азия үшін өзекті. Сол үшін Өзбекстандағы БҰҰ өңірлік кеңесшісі Владимир Козин шараға онлайн қатысты. Оның айтуынша, Қазақстанның тәжірибесіне көрші мемлекеттер қызығып отыр. 

Владимир Козин, БҰҰ Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік кеңесшісі:

- Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаты талқыланды. Болашаққа деген жоспары да айтылды. Шыны керек, сіздерде соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл көрші мемлекеттерге өте қызық әрі пайдалы тәжірибе. Заңсыз активтер де сәтті қайтарылып жатыр.

Форум барысында жемқорлықтың жолын кесуге көмектескен азаматтар да марапатталды. Жалпы құзырлы орган тұрғындармен тығыз байланысуға ниетті. Биылдың өзінде қылмыс туралы хабардар еткен 57 адамға 15 млн теңге сыйақы берілді.

Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов