Екібастұз қаласы жылумен толық қамтылды

Жылу беру маусымына жаз бойы дайындық жүрді.

Құбырлар ауыстырылып, қазандықтар жөнделді.

Қалада 5 шақырымнан астам жылу магистралі және 80 шақырымдай ішкі желі жаңартылды. «Биылғы қысқа тыңғылықты дайындалдық», - дейді жауаптылар. Әзірге тұрғындардан да шағым жоқ.

Коммуналдық шаруашылық саласында жылдар бойы қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады. Қаладағы көпқабатты 690 үйдің 188-інде бұған дейін басқарудың түрі болмады. Салдарынан тұрғын үйлер жылыту маусымына дайындықсыз қалатын. Биыл жергілікті кәсіпорындар көмектесіп, үйішілік жылу жүйесі ретке келтірілді.  

Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта қала тұрақты жылумен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Біз берілген кестеге сәйкес жүреміз. ЖЭО бекітілген кестеге сәйкес береді. Қазіргі уақытта 85 градус.

Қалада  шұғыл  желі қызметі іске қосылып, жылыту маусымы толық бақылауға алынды. Тұрғындардың жылуға қатысты  арыз-шағымы қысқа мерзімде қаралады. Жылу электр орталығында төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Қажеттілік туындаса,  резервтегі қазандықтарды іске қосуға дайын.

Анатолий Моисей, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Әзірге күрделі жағдайлар туындаған жоқ. Егер құбыр жарылған жағдайда, біздің кезекші ұйымдар шұғыл түрде іске кіріседі. Станция штаттық режимде жұмыс істеп,   тұтынушыларды жылумен толық көлемде қамту үшін ақауларды тез арада жоюға күш саламыз.

Екібастұздың жылу жүйесін бір жылда толық жаңғырту мүмкін емес. Коммуналдық апаттың зардабын жою жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Төрт жылу магистралі мен бірнеше шағын ауданның  жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу жоспары бар.    

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков