Талдықорғанда Б. Құранбекті еске алуға арналған турнир басталды

Талдықорғанда Бейсен Құранбекті еске алуға арналған шағын футболдан турнир басталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында биыл үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа  8 команда қатысуда. Турнирге «Хабар» агенттігі қос командасын қатар жіберді. Бейсен Құранбек 2 мыңыншы жылдары «Хабарда» қызмет етіп, телеарнаны дамытуға үлес қосты. Жарыстың алғашқы күнінде, «Қарекет» командасы Қонаевтан келген футзалшыларды 8:2 есебімен ойсырата ұтты. «СӘнік Алматы» клубы, жергілікті «J 19» командасын 5:1 есебімен жеңді. «365 kz» ойыншылары «24 KZ» командасынан 4:1 есебімен басым түсті. Ал «Хабар» Шымкенттен келген команданы қапыда қалдырды. Жартылай финал мен ақтық бәсеке ертең өтеді. Бірінші орын алған команда 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болады.

Есболат Айдабосын, турнирді ұйымдастырушы:

- Бүгін 9 желтоқсан Бейсен ағамыздың негізі туған күні еді. Тірі болғанда 52 жасқа толатын еді. Ол кісі дүние салғаннан кейін біз еске алу мақсатында осындай іс-шараны бастаған болатынбыз. Жыл сайын турнирлердің деңгейі де өсіп келе жатыр. Ойыншылардың да деңгейі негізі өсіп келе жатыр. Кәдімгідей осы футзалға қазақ журналистері төселіп қалды деп айтсақ болады осындай турнирлардың арқасында.

Гүлмира Садырқызы, Бейсен Құранбектің жұбайы:

- Жер-жерден Бейсекеңді құрметтеп, журналистер жиналып осы ойынға қатысып жатыр. Бірінші кезекте осы жарысты ұйымдастырушыларға рақметімді айтқам келеді. Бейсекеңнің өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болды. Қазір Бейсекеңе қарап бой түзеп, әріптестері, шәкірттері өсіп келе жатыр. Соның барлығы қуантарлық жағдай.