Шебердің қолы ортақ

Алматылық зергер Айжан Тіленбекова өзі жасаған «Алакөл» жүзігі үшін Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің сертификатына ие болды.

Қазылар алқасы сәндік бұйымның жасалу техникасына ғана емес, оның мән-мағынасына басымдық беріпті. Бірер жыл бұрын зергердің бұл еңбегі Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын әлемге танытуды мақсат тұтқан "Born Nomad" байқауында "3D-қолөнер" аталымы бойынша үздік деп танылған еді.

Айжан Тіленбекованың мамандығы тігін бұйымдарының конструкторы және баспа өнімдерінің дизайнері. Зергерлікті 2019 жылдан бастап қана қолға алған. «Бала кезімнен күміс сырға-сақина, білезік, шашбаудың ортасында өстім»,-деп еске алады өзі. Әжесінің туысы зергерлікпен айналысқан. Ұлттық үлгідегі әшекейге қызығушылығым сол кезде қалыптасты,- дейді зергер. Қазір ол этно стильдегі әшекей бұйымдарды өзіндік ерекшелігімен жасауда.

Айжан Тіленбекова, зергер:

- Зергер ер азаматтар:  «Нәзік жанды зергерлерде ерекше көзқарас бар»,-дейді. Әйел-зергерлер, өздері әшекей тағатын болғандықтан, эскизін сызғаннан бастап дайын бұйымға дейін барлық дүниені ескереміз. Мысалы, сырғаның салмағына мән береміз, көлемді сырғалар әдемі болғанымен, тағуға ыңғайсыз деген сияқты. Өйткені біз өзіміз әшекей тағамыз. 

«Алакөл» жүзігі - зергердің бірегей туындысы. Әшекей Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі Алакөлдің пішінінде жасалған. Ал, ортасындағы тас Алакөлдің шунгиті. Азия және Тынық мұхиты елдерінің Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің дәл осы әшекейге назар аударуы бекер емес. Себебі, бұйымның бірегейлігі оның терең мағынасында. 

Айжан Тіленбекова, зергер:

- Еліміздің байлығы Алакөлдің қазіргі экологиялық жағдайы мені алаңдатады. Соған көпшіліктің назарын аударғым келді. Сақина көлдің тостағаны ретінде жасалған. Оның іші майда күміспен толтырылды. Қолдың қимылымен сақина сыңғырлап тұрады. Бетіндегі оюды өзім ойлап таптым. Көлдің қазіргі жағдайын осы оюлар арқылы аңғартқым келді.

Айжан Тіленбекова қазір жаңа бағытта жұмыс істеуде. Серіктесі, қолөнерші Тілек Сұлтан екеуі Қазақстанның әр өңірінің өзіндік оюы кестеленген эксклюзивті белдемшелер тігіп жүр. Белдемшенің былғары белдігін Айжан күміс жіптермен  көмкеріп, әшекейлермен әрлейді.

Тілек Сұлтан, қолөнерші:

- Бұл белдемшені Айжан Тіленбекова ханымның заказыменен арнайы, Қазақстанның Қарағанды өңірінің көне белдемшесінің үлгісі маған берді. Мына кестені үш күннің ішінде тігіп шықтым. Қол кестеде уақыт кетеді, мұны бір үлкен фестивальге киіп бару керек болды да содан кейін тездетіп бітіру керек болды.

Айжан Тіленбекованың, Жапонияның інжу тасымен ұлттық мәдениетті үйлестіре жасаған «Наурыз» топтамасы, былғары мен күмістен жасалған «Үзеңгі» сырғасы да назар аудартпай қоймайды. «Енді батыс еуропаның зергерлік техникасын этно стильмен астастыра отырып әшекей жасау ойымда бар», - дейді зергер.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев