Атырау облысындағы 3 ауданның 12 елді мекенін құм басу қаупі бар

Әсіресе, Нарын құмын бойлай қоныстанған Исатай ауданындағы ахуал алаңдаратлықтай.

Осыған орай 2017 жылы құмнан қорғау бойынша арнайы бағдарлама жасалып, жаппай сексеуіл егу жұмысы басталған еді. Содан бері 30 гектарға жуық аумаққа егілген түз ағашы құм көшкінін баяулатқан.

Табиғи апаттың алдын алуға тек табиғаттың өзі ғана қауқарлы. Яғни, шағылдарға сексеуіл егу арқылы құм көшкінін тоқтатуға болады. Сексеуіл- шөлге шыдамды, ыстыққа төзімді. Оның тамырлары құмды бойлай еніп құм-шағылдың қозғалысын баяулатады. Исатай ауданында сексеуіл егу жұмысы өткен ғасырдың 70-ші жылдарында қолға алынған-ды.  Оны ауыл тұрғындары өздері егіпті.

Сатыбалды Есмағұлов, Исатай ауылының тұрғыны:

- Сол кезде еккен сексеуіл қазір керемет өсіп тұр,әлі бар. Құмды жібермей тұр теміржолға. Енді сексеуілді күзгі мезгілде еккен пайдалы. Себебі, дымқыл бар ертең көктемде көктеп кетуге. Көктемде еккенде алға күн ысып кетеді. Сол өте қолайсыз болып қалады. Шықпай қалады.

Өткен жылы  тамыз айында егілген сексеуілдер шықпай қалыпты. Биыл күзде ол жұмыс қайта қолға алынды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл осы қараша айында егілген сексеуілдің көшеттері. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, кәдімгідей бой алып қалған. Жалпы, осы аумаққа биыл 9 гектар аумаққа сексеуіл егіледі деп жоспарланған.

Исатай ауданына қарасты 3 ауылға қызыл құм ентелеп еніп тұр. Осыған орай жергілікті билік құм аршу жұмыстарынан өзге сексеуіл егуді жүйелі жүргізіп келеді. Осыдан 5 жыл бұрын егілген 30 гектар алқап көгеріп, құмға тосқауыл бола бастаған. Ол жұмыс жалғасады,- дейді аудан әкімдігі

Рашид Мұқанов, Исатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Нарын ауылдық округіне биылғы жылы 8 гектар жерге облыстық  басқармаға координаттары берілген болатын. 2024 жылы жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз.  Құм басу қаупі бар ауылдарда үйлерді, жолдарды басып қалу  жағдайлары орын алып тұрады. Өзіміздің теңгеріміміздегі бар техникаларды пайдалана отырып, құм аршу жұмыстарын қолға алып отырамыз.

Атырау облысы бойынша Исатай, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарындағы 12 ауылды құм қоршап тұр. Егер Исатай ауданында қолға алынған жұмыс жемісін берсе, бұл тәжірибе облысқа таратылатын болады. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин