Соғым – қыстың қамы

Көкше жұрты мынадай аязда буын бұрқыратып соғым сойып жатыр.

Базар, дүкендердің сөресі қазы-қарта, жалы-жаяға толы.

Соғымбасы болған соң жылқы етін сұрап жатқан ел көп.

Соғым – қыстың қамы. Сондықтан жергілікті тұрғындар оған ерте қамданады. Калалықтардың көбі соғымды ауылдан әкеледі. Ал енді бірі қаладағы ет дүкендерін жағалайды. Әзірге базардағы баға тұрақты. Алдағы уақытта шарықтап кетуі мүмкін. Себебі, делдал көп.

Роза Шаяхметова, сатушы:
- Жаздан бері көтерілген жоқ. Қыс бойы да көтерілмейді. Жылқының еті 3 мыңнан сатамыз табақтап. Қарын, қарта бірге. Тіпті қарын, қарта, бауыр, бәрін бірге алса, 2 900 теңгеден де береміз.

Гүлмира Қосшығұлова, сатушы:
- Соғым науқанында сондай өзгеріс жоқ. Өйткені көбі соғымды осы жерден де ала алады. Бұл жерден бізден таңдап алады. Етіміз әрқашан семіз, жас малдың еті. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз бар. Басқа қаладан да тапсырыс беріп алып жатады.

Иә, базардағы ет бағасы әртүрлі. Негізінен үш жарым мыңның аралығында. Алатын адам қалтасына қарай бағамдайды.

Серік Нұрғалиев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде сен еттің сапасын қарап, тексеріп ала аласың. Біз үнемі етті базардан аламыз. Ал баға жағына тоқталсам, үш мың, үш мың екі жүзден сатылып жатыр. Жеке мен үшін қолайлы.

Ал білікті қасапшы Еркін Әбдірахманов «етті шаруалардан тікелей көтерме бағада сатып алған әлдеқайда тиімді», - дейді. Ол тек соғым уақытында ғана емес, жыл он екі ай етпен айналысады. Ала жаздай байлаған жылқыларын қыс қылаң бергенде шетінен жыға бастайды.

Еркін Әбдірахманов, қасапшы:
- Негізі сирақтап алған дұрыс. Көбі базардан барып алады табақтап. Табақтап алған пайдалы емес. Баға болғанда, салыстыра қарасақ базарда үш мың бірдеңе килограммы, ал бізде сирақтап 125, 130, 140 мың. Әртүрлі бағалар.

Жалпы ет дегенде елорда халқы да Ақмола облысына иек артады. Сондықтан бағаны ұстап тұру маңызды. Бірақ тиісті басқарма өкілдері бұл ретте дәрменсіздік танытып отыр. Мәселен, жыл басынан бері барлық ет түрлері 14 пайызға қымбаттаған.

Кенеш Әлімжанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Баға нарыққа байланысты қойылады. Біз тек қадағалаумен ғана шектелеміз. Ал бағаны ұстап тұру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткіземіз. Жалпы біз жылына 168 мың тонна ет өндіреміз. Бұл біздің облыс тұрғындарын қамтуға  толығымен жетеді.

Ал малдың бағасы алдағы уақытта қымбаттамаса, арзандамайтын секілді. Себебі, қыстың қақаған аязында төрт түлікті қорада ұстау шаруаларға оңай емес. Өйткені, жем-шөп қымбат, күтімі де күшті. Жалпы соғым науқаны өңірде қаңтар айына дейін жалғасады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко