Халықты жылумен қамту қамы

Қыстың алғашқы күндеріндегі сарышұнақ аяз әсіресе шағын қалаларды қатты сынаққа алды.

Мәселен Қостанай облысының Лисаков қаласында жылу беру маусымы басталғаннан бері бірнеше кішігірім коммуналды апат болды. Бірақ жылу беру тоқтаған жоқ. Жергілікті мамандар биылғы қысқа сақадай саймыз деп сендіруде.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Лисаков қаласының жылу құбырының ұзындығы 92 шақырым. Соның 40 процентке жуығы тозып тұр. Осы алғашқы аяздарда желі бойында 22 апат болған. Соның бәрі дер кезінде жедел жөнделген.

Биыл Лисаков қаласының жылу жүйесі ауқымды жөндеуден өтті. Шамамен үш шақырым құбыр жаңартылды. Жаңа қазандық қойылды. Одан бөлек жылу желісін бақылап, реттейтін жүйе толық цифрландырылған.

Григорий Горбатенко, жылу орталығының ауысым шебері:

- Шығыс, кіріс температурасын қарап отырамыз. Газ шығынын бақылаймыз. Жылу мөлшері, ауа көлемі де көз алдымызда бәрі көрініп тұрады.

Жылу жүйесін қалпына келтіруге биыл екі миллиард тенге жұмсалған. Оның басым бөлігі бюджеттен бөлінді. Қазір қолданыстағы төрт қазандықтың екеуі жөндеуді қажет етеді.

Леонид Полтарадин, Лисаков қаласын жылумен қамтамасыз ету басқармасының басшысы:

- Қазір үшінші қазандыққа жоба дайындап жатырмыз. Оны алдағы 2024 жылы ауыстырамыз. Одан кейін төртінші қазандыққа да кезек келеді. Жылу құбырларын да біршама жаңартсақ деген мақсатымыз бар.

Жыл сайын Лисаков қаласында 2-3 шақырым жылу құбырын жаңарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг