Қариясы бар үйдің қазынасы бар

Қазақ халқы «Әже ұлттық дәстүрдің қайнар көзі, текті тәрбиенің шамшырағы» деп, ақжаулықты әжелерге ерекше құрмет көрсеткен.

«Әжесі бар үйдің босағасында береке бар» деп, отанасын отбасының ұйтқысы санаған. Сондай абзал әженің бірі Түркістан облысындағы Біртілек ауылында тұрады. Жасы 95-ке келген Ерке Сүлейменова әлі күнге ұрпағына "адал еңбектің наны тәтті болатынын" айтып отырады.

Ерке Садыққызы өткен ғасырдағы қазақ халқының басына түскен нәубеттің барлығын көрген. Ашаршылық, байларды қуғындау, соғыс жылдары масақ теріп, өгіз соқамен жер де жыртқан. 

Соғыстан кейінгі қиын кезеңде жолдасы Рахым ақсақал екеуі колхоздың қара жұмысына белшеше кіріскенін айтады. Кеңес заманында ауылдағы сиыр фермасында 25 жыл үздік сауыншы болып еңбек етті. 

Ерке Сүлейменова, көп балалы ана:

- Фермада істедім, сиыр саудым, бұзауды орындадым, сүтті орындадым.

– Қанша сиыр сауатын едіңіз бүр күнде?

– Бір күнде 20-30 сиыр сауамын. Еш шаршамағанмын. Бүгін келмей-ақ қойса, мен соның сиыр саусам деп тілеуші едім. Сүтті көбейтемін деп. Бүгін келмей-ақ қойса осылар деп. Арық шаптық, мақтаны да шаптық, бәрін орындадық. Жұмыстан еш қашпағам мен.

Ақжауылықты ана 13 құрсақ көтерген. Рахым ата екеуі 10 баланы тәрбиелеп, қатарынан қалдырмай өсірген. Оның 8-і қыз, 2-уі ұл. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Қызы Гүлнар: «Анам бізді үй тірлігіне кішкентайымыздан баулыды. Кейін соның рахатын көрдік», дейді.

Гүлнар Сүлейменова, қызы:

«Істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деуші еді. Нан жабуды, сиыр саууды, үйдің тазалығын бәрін бізге күнде үйретіп отыратын. «Барған жеріңде қиналмайсың» деп үйретті. Жақсы тәлім-тәрбие берді. 8 қыз, 2 баланы да оқытты. Қазір барлығымыз өз жұмысымыз істеп жүрміз.

Ұлдың үлкені Қуаныш келіншегі екеуі анасына қарап, қара шаңырақта отыр. Олардың да он баласы бар. Алды үйленіп тұрмыс құрса, кішкентайлары оқушы. «Анам бізді үнемі шыншыл болуға, еш уақытта өтірік айтпауға үйретті. Ал әкем жастайымыздан еңбекке баулыды», - дейді. Ендігі арманы - анасының алғысын алу.

Қуаныш Сүлейменов, ұлы:

- Атам да риза болып, батасын беріп кетті. Батасын бергеннен кейін атамның малы маған мал болып қалды. Анамның да ризашылығын алайын деп, анама жақсылап қарап жатырмын. Егер әке-шешең риза болса, әке-шешенің малы балаға мал болады екен. Сол ризашылығын алу үшін әрекет жасап жатырмыз.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Ерке әже бүгінде он баласынан 50 немере, 80 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр. Ұрпағы бір-біріне мейірімді болу үшін барлығын ер жеткенше өз бауырына басып, тәлім-тәрбие берген. Ал кейінгі кішкентайлар да әжесін айналып, қасынан шықпайды. 

Айша Рақым, немересі:

Апам маған күшті-күшті өлеңдер, тақпақтар, әндер жаттатады. Өлеңдер айтып береді.

– Бізге соның біреусін айтып берші?

Зарлы заман, зар заман,

Зарлап өткен бір заман.

Сөздің басы бисмилла,

Біз айтайық, сіз тыңда!

Өмір бойы шалының тілеуін тілеп, жағдайын жасаған ақжаулықты әже бүгін де шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйтқысы болып отыр.

Ерке Сүлейменова, көп балалы ана:

- Жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Мен құсап істесін бәрі. Мен құсап істесе жаман болмайды. Бейнеттен қашпасын. Бейнет адамды қор қылмайды. Дені сау болса, істен өлмейді адам. Істеп-істеп алады бәрін.

Қазақ: «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» деген. Бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің бәйтерегіне айналып, ұрпағына өнегесін көрсетіп отырған Ерке әжеге қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Қазір Сүлеймен әулеті берекелі бірлігі, тату тірлігімен және уыздай ұйыған ауызбіршігімен көпке үлгі.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов