Қарлаң көпірінің құрылысы тоқтап қалды

Сырдарияның арғы бетіндегі 10 шақты ауылды аудан орталығымен жалғауға тиіс өткел келер жылы пайдалануға берілуі керек.

Бірақ 3 айдан бері жұмыс тоқтап тұр. Ал өзеннің арғы жағалауында қалған 11 мыңдай тұрғын қалқымалы қауіпті көпір арқылы қатынап жүр.

Қалт-құлт еткен өткел көлікті әрең көтереді. Бірнеше рет сең жүргенде қалқымалы көпірдің өзі су астында қалды. Өзен суы тасыса керісінше деңгейі төмен түссе де пантон сыртқа алынып тасталады. Сол кезде дарияның арғы бетіне қоныс тепкен Қожабақы, Бірлік, Өркендеу, Жанкент, Жданов, Бозкөл ауылдары мен аудан орталығы арасында қатынас үзіледі.

Қашқынбай Нысанов, Өркендеу ауылының тұрғыны:

- Көктемде мұздың кетер кезінде, қысқа қарай мұз қатар кезінде халықтың бәрі жолдан азап шегеді. Жолдар батпақ, Басықара көпіріне өту үшін 50-60 шақырым жүреді. Жол нашар. Әлсейіт көпірінен өту үшін де сондай. Осы көпірді бітіріп берсе дейміз халықтың тілегі.

Дәметкен Байтөре, Өркендеу ауылының тұрғыны:

- Мына көпір салынып жатыр деп бір жүрегімізді қолымызға алып қуанып едік. Бұл аяқсыз қалып қойды. Ауырып қалатын науқастар бар. Екі қабат әйелдер бар. Солар босанатын уақыттарда біраз жапа шегеді. Осы көпір салынса деп тілек тілейміз. Бала-шағамыз бар әйтеуір күзгі-көктемгі уақытта қиналамыз енді.

Қазалы ауданының 60 процент егіндік алқабы да сол дарияның арғы бетінде. Қазалылықтардың 30 жылғы сұранысы ескеріліп, өткен жылы ұзындығы 260, ені 7 метрлік үлкен темір-бетон өткелдің құрылысы басталған еді. Республикалық бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып, жоба аясында Қарлаңға дейін 2 жарым шақырымдық жол салынатын болған. Қазір құрылыс басында меңіреу тыныштық. Мердігер мекеме тамыздан бері жұмысшыларына жалақы да төлемепті.

Тайғара Жұбаев, мердігер мекеме жұмысшысы:

- Айлығымызды осы тұрғанда 5-айға қарап бара жатыр береміз дейді. Соны күтіп жүрміз. Сол жұмысымыз. Жасымыз келіп қалған адамбыз күзеттен бөтен жұмысқа жарай қоймаймыз.

Қарлаң көпірін салуы тиіс құрылыс компаниясы Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасындағы 4 жолақты жолды да 4 жылдан бері бітіре алмай келеді. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қазалылықтардың талап-тілегін арқалап, құрылыстағы іркілістің мән-жайын білуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бірнеше рет сұрау салдық. Облыстық әкімдіктегі транспорттық инфрақұрылым саласына жауапты шенеуніктер болса түсініктеме беруден бас тартып отыр.   

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев