Авторлық құқықты бұзғандар үшін жаза қатаяды

Енді тауар белгісін заңсыз пайдаланғандар мен авторлық құқықты бұзғандар үшін жаза қатаңдатылуы мүмкін.

Себебі бұл салада да құқық бұзушылық деректері артып барады. Соған сәйкес енді зияткерлік меншік туралы заңға өзгерістер енгізілмек.

Бұл жайлы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мәлімдеді.

Құжатта авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің құқықтарын нақтылау бойынша түзетулер енгізілген. Сонымен бірге қызмет алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жеделдетіп тіркеу мәселесі де қарастырылған.

Сондай-ақ тиісті салалар бойынша патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестациялау жоспарланып отыр. Аталған заң сәуір айында Парламент қарауына жіберіледі.

Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:

- Биылдың өзінде зияткерлік меншік бойынша 143 құқық бұзушылық анықталды. 145 әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілді. Нәтижесінде 128 субъект жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінде Қазақстан дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы басқаратын 19 халықаралық шарттың қатысушысы. Күн тәртібінде Марракеш шартына, Гаага, Лиссабон келісімдеріне қосылу мәселесі тұр.