Қазақстанда 137 мыңға жуық науқас паллиативті көмекке мұқтаж

Бұл осынша адамның айықпас дертке шалдығып, қажетті ем алып жүргенін білдіреді.

Алматыда халықаралық конференцияда бас қосқан сарапшылар күн тәртібінде паллиативті көмектің ауқымын арттыруды қарады. Себебі науқас үшін ең маңыздысы – аурудың азабын жеңілдету.

Елімізде паллиативті көмек жүйесі әлі де қалыптасу үстінде. «20 жыл бұрынғыға қарағанда қазір жағдай тәуір», - дейді мамандар. Айықпас дертке шалдыққандарға стационарда және үй жағдайында көмек көрсетіледі. Дегенмен бұл көмекке мұқтаж науқастардың бәрінің бірдей қолы жете бермейді.

Диляра Қайдарова, ҚР ДСМ бас штаттан тыс онкологы:

- Қазақстанда қазір жыл сайын 13 мыңға жуық қазақстандық тек қатерлі ісік ауруынан көз жұмады және бұл науқастардың барлығына паллиативтік көмек қажет. Паллиативтік көмек – бұл ең алдымен медициналық көмекті, психологиялық қолдауды және әлеуметтік қолдауды қамтитын шаралар кешені.

Паллиативті көмектің негізгі бағыттарының бірі – онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды қолдау. Дегенмен бұл қызметке инсульт, инфаркт, өкпе аурулары, ВИЧ, СПИД, тіпті психикалық ауытқуы асқынған науқастар да мұқтаж. Заңнамалық тұрғыда арнайы бекітілген тізім жоқ. Себебі паллиативті көмекті қажет ететін жағдай өте көп, - дейді мамандар. Сондықтан онкологиялық емес, басқа да айықпас дертпен ауыратын адамдарға паллиативті көмекті арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Гүлнара Қоңырова, ҚР Паллиативті көмек қауымдастығының президенті:

- Паллиативті көмек қандай болу қажет? Бұл жөнінде дәрігерлердің арнайы білімі жоқ. Ол үшін білім беру бағдарламаларын стандарттау керек. Бұл бағдарламалар волонтерлерге, психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге қолжетімді болуы тиіс. Заңнаманы да жетілдіру керек. Бізде балаларға паллиативті көмек көрсету бағыты дамымай жатыр.

«Паллиативті көмек өмірінің соңына таяған науқастарға ғана көрсетіледі деген қате түсінік», - дейді мамандар. Көмек пациентке диагноз қойылған сәттен басталуы керек. Сонда науқас пен оның жақындарына қиындықты еңсеру жеңілдейді.

Владимир Елисеев, ем алушы:

- Тіпті өмірден үмітін үзіп келгендерге де жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың қатарында тәуір болып, өз аяғымен үйлеріне қайтып жатқандар да бар. Сондықтан жалпы осындай қамқорлық жасалып жатқанына ризамын.

Алматыдағы паллиативті көмек орталығы 170 науқасқа арналған. 6 бөлімшеде түрлі ауыр созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Дәрігерлердің айтуынша, инсульттен ауыр жағдайға түскен науқастардың 59%-і жақсы динамикамен ауруханадан үйіне шығарылған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон.