Германия қымызды пантенттеп алды ма?

Қымыз кімдікі? Қазақтікі ме, немістікі ме?

Бір кезде қоғам осы мәселені қызу талқылады. Әлі де біраз ел бас шайқап, мәселенің аужайын бағамдай алмай жүр.

Мемлекеттік органның ресми өкілі дәл осы жайтқа қатысты мәлімдеме жасады. Сонымен ұлттық сусынымыз деп жүрген қымызды Германия шынымен иемденді ме, жоқ па?

Жылқы жарықтықты қазақ қашан да қадірлеген. Төрт түліктің төресі деп әспеттейді. Шындығында солай. Біз етін емес, сусынын айтайық. Қымызға қатысты дау көп. Бірі қазақтікі десе, енді бірі немістікі дейді. Ақиқатын Әділет министрлігі айтты. 

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

- Германия елі қымызды патенттеп алған жоқ. Оған ешқандай патент берілген жоқ екенін атап айтқым келеді. Иә, шынында да, Германияда патенттер бар, бірақ қымызға емес, оны өндіру әдістеріне патент алғаны рас.

Яғни, Германия қазақтың қымызын емес, сусынды өңдеу әдісін ғана патенттеген. Бұл дегеніміз немістер арнайы технология арқылы ұлттық сусынымызды құрғатып, капсула ретінде шығарады.

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

- Қымыздың өзін патенттеуге байналысты, түсінікті болу үшін айта кеткен жөн,тек қана қазақстандық өнім деп оны патенттеп алу мүмкін емес, өйткені биенің сүті ол бүкіл әлемде өндіріледі.

Бұрын әжелеріміз қымызды қолмен піссе, қазір сусынның иін қандыру үшін түрлі технология пайдаланады. Ұққанымыз, қымызды неміс елі басыбайлы иемденіп алған жоқ, тек өңдеу әдісін ғана патенттеген.

Меруерт Жақсылықова, тілші:

- Қазір қымызды ұнтақ түрінде де шығарады. Бие сүтінен балмұздақ та жасайды. Отандық өнімді осылай түрлендіріп, ішкі нарық қана емес, экспорттап сыртқа сатып жатқандар да бар. Бастысы – бұл біздің өнім. Отандық өнімді бірге таңдайық.