Қызылордада электр қуатына қатысы жоқ шығындар тарифке қосылған

Қызылордадағы энергиямен қамтушы ұйымдар электр қуатына қатысы жоқ шығындарды тарифке қосқан.

Бұны Қаржы мониторингі агенттігінің облыс бойынша департаменті талдау жүргізіп анықтаған. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарды электр қуатымен қамтитын 3 кәсіпорын әкімшілік ғимарат пен көліктерді жалға алу және өзге де шығындарды тарифке қосқан болып шықты. Қазіргі уақытта негізсіз шығын тарифтен алынып тасталды. Осылайша, бюджеттің 380 млн теңгесі үнемделді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Агенттіктің аумақтық департаменті мен Табиғи монополияларды реттеу департаменті қабылдаған шаралар нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды, осылайша Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданындағы (Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы) барлық бюджеттік ұйымдар үшін тариф 18,8%-ға, яғни кВт/сағ үшін 38,75-тен 31,45 теңгеге дейін төмендеді.