Биыл Атырау облысында 42 ауылдың жолы жөнделді

Биыл Атырау облысы бойынша 350 шақырымнан асатын автокөлік жолы қайта жөнделді.

Осы мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 64 жарым млрд теңге толық игерілген. Құрманғазы, Қызылқоға және Исатай аудандарына қарасты 42 елді мекенде 241 шақырым жол салынды. Сондай-ақ көп жылдан бері құрылысы созылып кеткен «Атырау-Астрахан» автомагистралының 252 шақырымы пайдалануға берілді.

Исатай ауданындағы ауылдардың барлығы Атырау-Астрахань күре жолына қосыла бастады. Жалпы биыл аудандағы 137 шақырым автокөлік жолының 80 шақырымнан астамы жаңартылып, пайдалануға берілген болатын. Қазір 6 округте автокөлік және жаяу жүргіншілер жолының құрылысы мәреге жетті.

Ерболат Мақашев, аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Атап айтқанда, Қамысқала. Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай, Зинеден және Исатай ауылдық округтері бойынша жұмыс 2020 жылы басталған болатын. 2024 жылы толық аяқталады. Аудан бойынша барлық ауылдық округтер Атырау-Астрахан тас жолына кірме жолдар арқылы қосылатын болады.

Жол құрылысы облыс орталығы мен қала іргесіндегі ауылдарда да қарқын алған. Атырау қаласында 96 шақырым автокөлік жолы қайта жарақтандырылды. Нәтижесінде өңірдегі автокөлік жолының сапалық көрсеткіші 76 пайызға жетті.

Әлібек Мұхамбетәлиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- 2024 жылға осы 76 пайыздан 85 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. 2023 жылы басталған жұмыстардың қайтадан сол 24-тің соңына дейін бітіріп, және де 24-ке жаңадан жобалау жұмыстары басталады. Оның ішінде қайта жаңғырту бойынша ЖСҚ жасақталып, өзінің жалғасын табатын болады.

«Атырау-Астрахан» бағытындағы 277 шақырымдық жолдың қазіргі уақытта 252 шақырымы қолданысқа беріліп, қалған 25 шақырымында жұмыстар атқарылып жатыр. Халықаралық маңызы бар автомагистриалдың құрылысы 2024 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Қосымша Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған-Миялы» бағытында және Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас «Азғыр» өңіріндегі ауылдарға қатынайтын 300 шақырымдық жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сол кезде тоғыз жолдың торабында тұрған Атырау облысының жол қатынасы жақсарып, транзиттік жүк тасымалы қазіргіден 2-3 есеге артатын болады.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов