ШҚО-да қар көшкініне қарсы шаралар күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысында таудың арасымен өтетін жолдарда қар көшкініне қарсы шаралар күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Күн күрт жылынып кеткендіктен, көшкін болу қаупі бар. 90 шақырым болатын учаске қауіпті аймаққа жатады.   Мамандар тауда жарылыс жасап, қарды ұсатып жатыр. 

Жарылыс болатындықтан, тауға баратын жолдар уақытша жабылды. Қар түсіруге дайындық қызу.

Аймақтағы қар көшкіні жүретін учаскелердің басым бөлігі туристік маршруттар мен елді мекендерге апаратын жол бойында. Сондықтан ол жерлерге қар жиналып қалмауы керек. Жару жұмыстары Таулы Үлбі ауылы, Алтай және Самар аудандарында жүргізіледі.

Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Жару жұмыстары дәл осы жерлерде басталды. Себебі жақын маңда шаңғы базалары мен 3 демалыс орны орналасқан. Демалыс және мереке күндері келетін тынығушылар саны 3 мыңнан асып кетеді. Біздің мақсат – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Мамандардың есебінше, өңірде қар көшкіні өтуі мүмкін 325 орын бар. Олар тауға жақын ауыл халқына қауіп төндіреді.

Советбек Станбеков, «Қазселденқорғау» мекемесі облыстық филиалының жетекшісі:

- Сонымен қатар осы қар ошақтарының көбі жолдардың бойында орналасқан. 93 шақырымдық автожол қар көшкінінің әсеріне ұшырауы мүмкін. Бүгінгі таңда филиалдың мамандары Төтенше жағдайлар департаментімен біріге отырып, 10 жарылыс жұмыстарын жүргізіп, 15 мың текше метрге жуық қарды беткейге түсірді. Филиал мамандары қар көшкіні аяқталғанша бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргізе береді.

Қар көшкіні жүру кезеңі кем дегенде 3 айға созылады. Сондықтан құтқару қызметінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.