Қарыз қамытынан қалай құтылуға болады?

Қарызға батқан қазақстандықтардың саны соңғы 1,5 жылда 27%-ке өскен, деп хабарлайды 24KZ.

Ал банктер мен микроқаржылық ұйымдарда несие пайызы тым жоғары. Төлемді кешіктірсең төбеңнен төніп, коллекторлық агенттік әңгіртаяғын ойнатады. Алайда еңсесі түскен ел үшін жақында оң өзгеріс болуы мүмкін. Мемлекет басшысы борышкерлердің мәселесін шешуді былтыр тапсырған болатын. Қазір Мәжіліс депутаттары кредит алушылардың құқығын қорғауға қатысты заң әзірлеп жатыр.

- 2 млн кредитім бар. Қазір уақытылы төлей алмай жатырмын. «Проссрочкаға» түсіп қалды. Себебі тұрақты жұмысқа тұра алмай жүрмін.

- Кредит бар. 450 мың. Тамақты Kaspi RED-ке аламыз.

- Алғашқы кредитімді 20 жасымда алдым. Аймақай 80 мыңнан төлеу керекпін. Жұмыспен мәселе болып қалып, төлей алмай қалдым.

Елде 1,7 миллион адам несиесін төлей алмай отыр. Олардың қарызы 1,4 триллион теңгеге жеткен. Борышкерлер жайдан-жай берешегінен жалтарып жүрмегені белгілі. Көбісі «тапқаным күнделікті күнкөрістен  артылмайды» дейді. Қарызға батқан халықтың жағдайын қалай жеңілдетуге болады? Жақында осы мәселе бойынша Мәжіліс жаңа заң жобасын жасауға кірісті.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкімет мүшелері арнайы заң жобасымен келді. Ол жердегі заң жобасының нақты атаулы, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезіндегі тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталады. Енді бұған басты себеп екінің бірінде несие бар.

Рас, елдегі халықтың 84%-інде кредит бар. Атаулы заң қарызға қарыз жамаудан құтқарады. Мәселен, берешегін 90 күннен кешіктергендерге екінші мәрте кредит берілмеуі мүмкін. Осы уақытта күн санап өсетін өсімпұл да тоқтатылады. Сондай-ақ бұқараның басты ауруына айналған коллекторлар базынасына да нүкте қойылады. Депутаттар проблемалық несиелерді коллекторлық агенттіктерге сатуды тоқтатуды ұсынды. Осы арқылы қарыз алушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік тумақ.

Самал Қайратқызы, заңгер:

- Коллекторлық ұйымдар негізі азаматтардың құқығын бұзады. Ол біріншіден, коллекторлар оларға хабарласады, олар түгілі басқа жеке үшінші тұлғаларға хабараласады, жанағы адамның алған кредиті туралы мәлімдемелерді жеке тұлғаларға таратады. Ол, біріншіден, дербес ақпарат туралы заңды бұзу.

Алаяқтар айылын жимай тұр. Олар соңғы 2 жылда 6 мыңнан астам заңсыз кредит рәсімдеген. Қалай дейсіз ғой? Аңғал елдің ақшасын мобильді қосымшылар арқылы үптепті. Алда оңай олжаға құмар бұл пысықайлардың да жолы кесіледі. Ол үшін азаматтарға кредит алудан ерікті түрде бастарту құқығын енгіземіз, - дейді депутаттар. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердегі несие пайызын 56-дан 44-ке дейін төмендету жоспарланып отыр.

Сапарбай Жобаев, экономист-сарапшы:

- Неге пайызы жоғары. Еуропада 2-3% дейді да, бізде 20-25%-тен жоғары. Тек мемлекеттік банктер ғана 11, 7%-тен кредит береді. Себебі бұл инфляцияға байланысты. Сенің бүгін алған ақшаң бір жылдан кейін инфляция деңгейі 20% болса, сатып алу қабілеті төмен болады. Сондықтан банктер одан төмен несие бермейді. Одан төмен несие берсе, олар банкрот болады.

Сонымен қатар, кредит беруде азаматтардың ресми табысы қатаң ескеріледі. Ай сайынғы төлем тапқанының тең жартысынан аспауы керек. 

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.