Жамбыл облысында кәсіпорын басшысы қызметтік көліктерді заңсыз сатып жіберген

Жамбыл облысы Қаратау қаласының тазалығына жауапты мекеме басшылары мемлекет меншігіндегі 4 көлікті сатып жіберген, деп хабарлайды 24KZ.

«Таза-Талас» кәсіпорнының басшысы мен оның орынбасары автокөліктерді жарамсыз көлік ретінде заңсыз есептен шығарыпты. Олар тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға қолма-қол ақшаға сатқан. Қызметтік көліктердің нарықтағы құны – 6-7 миллион теңге. Салдарынан мемлекетке 22 миллион теңге залал келді. Енді коммуналдық мекеменің басшысы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметпен өмір бойы айналыса алмайды.

Ақберген Мүлкіманов, облыс прокуратурасының басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда күдіктілердің іс-әрекеті бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқыру және қызметтік жалғандық фактілерімен сараланды. Мемлекетке 3 автокөлік анықталып  қайтарылды. 4-ші автокөлікті қайтару қамтамасыз етіліп жатыр. Іс қазіргі таңда сотқа жолдану сатысында.