Бір донор 5 адамның өмірін сақтап қалады

Трансплантолог дәрігерлер жыл басынан бері елде 9 қазақстандықтың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Яғни, 2 мәйіттен алған ағзаны осы 9 науқасқа салған.

Жалпы біздің елде науқасқа туған-туыстары немесе басқа тірі адамның ағзасы салынады. Ал мәйітті донорлыққа пайдалану жүйесі дамымаған. 

Шымкенттік Айжан Кұдарова өзінің дертіне шипа іздеп, 7 жыл донор іздеді. 2017 жылдан бастап гемодиалез процедурасында ем қабылдаған. Донор таяуда 30 желтоқсан күні табылды.

Айжан Құдарова, ем алушы:

- 4 рецепиент болдық. Солардың ішінде маған сәйкестік ықтималдығы жоғары келіп, мен таңдалып, маған 31 күні сағат 13:00-де ота жасалды. Ота 4,5 сағат жасалды. Мен отадан кейін қатты қиналыста болған жоқпын. Тез-тез қалпыма келіп, соған қарағанда бәрі сәтті өтті.

Донорды 10, 15 жылдап күткен пациенттер де бар. Өйткені донор табылған күннің өзінде ағзасы сәйкес келе бермейді. Ал донордың сәйкестігін арнайы бағдарлама анықтайды.

Мэлс Асықбаев, хирург-трансплантолог:

- Кімге сай келетіндігі бізде күту парағында тринис бағдарламасы бар. Осы бағдарлама бағанағы тіндік сәйкестік бойынша таңдайды. Кімде тіндік сәйкестік көп болады, яғни сол критерийлар бойынша, медициналық тексеру бойынша сол адам трансплантацияға барады. Оны біз таңдамаймыз, дәрігерлер таңдамайды, сырттан басқа адам таңдамайды.

Қазір біздің дәрігерлер өкпе, жүрек, бауыр, ұйқыбезімен қатар көздің мөлдір қабатын айырбастай алады. Бірақ отандық медицина қарыштап дамығанымен, науқасқа донор табу қиын.  

Мэлс Асықбаев, хирург-трансплантолог:

- Күту парағында 4 мыңға жуық пациент ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның ішінде 3,5 мыңға жуық пациент бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Ол тізім жылдан жылға өсіп келе жатыр. Одан бөлек, трансплантацияға жете алмай жылына 300-ге жуық адам көз жұмады. Ең бірінші, орган тапшылығы себеп болып тұр. Яғни, мәйіттік трансплантацияның жеткіліксіздігі.

Елде туыстық трансплантация дамығанымен, оның да өзіндік күрделі тұстары бар. Яғни, тірі адамның мүшесін өзгеге салу процесі қиындық тудырады. Ал шет елдерде бауыр мен бүйректі мұқтаж жандарға мәйіттен алады. Мұндай мәйіттік донор 5 адамның өмірін сақтайды.

Авторлары: Зарина Кәп, Қанат Махмутов.