Қаңтар айында күн райы құбылмалы болады

Қар жауады. Бұрқасын соғады. Аязды күндер де алда.

Дегенмен ара-тұра күннің көзі шығып қар ериді, артынша көктайғақ болуы ықтимал. Солтүстік пен шығыс өңірлердің өзінде ауа температурасы түнде -3-13, күндіз -5+5 градус аралығында, ал оңтүстік пен батыста түнде 5, күндіз 15 градус жылы кезеңдер болады. Жауынды күндер де алда.

Жұлдыз Исабекова, "Қазгидромет" РМК ауа райының ұзақ мерзімді болжамдар басқармасының басшысы:

- Қаңтар айында Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1-2°жоғары болады деп күтілуде. Жауын – шашын мөлшері ҚР басым бөлігінде норма шамасында, елдің солтүстік-батыс жартысында, ҚР оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында  нормадан көп болады деп болжануда.

Күнннің аздап жылуы себепті қар аралас жаңбыр жауса оның арты су тасқынына әкеліп соғу қаупі бар. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерге су жайылған. Желтоқсан айында Алматыда Есентай өзенінің тасуы да біраз әбігер туғызды. Осыған байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында құзырлы органдарга бірқатар тапсырма жүктеген еді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін болып жатыр. Сондықтан өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек. Казгидрометтің болжамы бойынша биылғы жылдың қаңтар ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұған дайын болу керек.

Премьер-Министр ақпан айында "Көктем-2024" оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды тапсырды.

Асқар Нұрқанов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басшысы:

- Қазіргі таңда 1079 елді мекен су тасқыны қауіпі бар аймақта тұр. Былтырғы жылы сондай елді мекендердің кешенді жұмыстарының арқасында олардың 222-сінен су басу қаупі мүлдем шешілді. 600 ден астам елді мекендерде су басу қаупі біршама азайтылды. Гидрометеорологияның болжамы бойынша биылғы жылы су тасқыны болуы мүмкін. Сол себепті бізде тиісті дайындығымызды бастап кеттік.

Төтенше жағдайлар министрлігі қазір су тасқынына қарсы 39 мыңнан астам маман, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпа дайын тұрғанын хабарлайды. Қажет болған жағдайда, тағы резервтік топтар жасақталады.

Авторы: Әлішер Әли