СҚО-да көктемде су тасқыны болуы мүмкін

Синоптиктердің айтуынша, қазір қалдың қалыңдығы мен оның құрамындағы ылғалдың мөлшері шамадан тыс көп.

Оның үстіне қараша-желтоқсан айларында жаңбыр жауып, жердің жоғарғы қабаты қатып қалған. Бұл қандай қауіп төндіреді? Оған Төтенше жағдайлар қызметі дайын ба?

Мамандар осылай күніне 2 рет Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын, судың деңгейі мен ағыстың жылдамдығын өлшейді. Олардың айтуынша, биыл қар көп. Мысалы, Ғабит Мүсірепов ауданында 1,5 метрге дейін жауған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Биылғы қыста қар кеш жауса да, көп жауды. Синоптиктердің айтуы бойынша, қазір оның құрамындағы ылғалдың мөлшері 2-ден 6 есеге дейін көп.

Синоптиктердің айтуынша, көктемде еріген қар суы жерге сіңбей қалуы мүмкін. Өйткені қараша-желтоқсан айларында жаңбыр жауып, топырақ қатып қалған.

Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директоры:

- Қысқы кезеңге арналған ауа райы болжамына сәйкес күтілетін жауын-шашын мөлшері нормадан артық болады. Облыс бойынша топырақтың қатуы 121 см дейін жетті.

Есіл өзені қатты тасыса 87 ауылға қауіп төнеді. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері оларды қазірден бастап бақылауға алып отыр. Алдын алу шаралары да назардан тыс қалмады. 

Ернар Рүстем, ТЖД бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

- Соңғы жылдары 131 шақырымнан астам жер үйінділері, 7,5 шақырымнан астам қорғаныс бекеттері және облыс аумағындағы жолдар мен республикалық жолдарда 97 құбыр және 16 тюбинг орнатылды және жыл сайын өзен салалары тазартылып отырады.

Синоптиктердің айтуынша, жауын-шашын қаңтар, ақпан, наурыз айларында да көп болуы мүмкін. Сондықтан қала және елді мекендерде қар шығару жұмыстарын күшейту керек. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.