Алматыдағы жер сілкінісі туралы ақпарат жалған

15 қаңтарда Алматыда жойқын жер сілкінісі болады.

Әлеуметтік желіде тараған осы қауесетке байланысты бүгін тиісті мекемелер арнайы брифинг өткізіп, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Сейсмикалық бақылау орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтің айтуынша, мұндағы мамандардың 2023 жылға дейін жасаған орта мерзімді болжамдары салыстырмалы түрде дәл келген. Қалалық инфрақұрылымға зақым келтіруі мүмкін магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі байқалмаған. "Сондықтан бұл қауесет негізсіз" деп отыр. 

Нұрсәрсен Өзбеков, сейсмологиялық зерттеулер мен бақылаулар ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары:

- Біздің институт болжамдардың бірнеше түрін жасайды, соның ішінде орта мерзімді және қысқа мерзімді – сейсмикалық жағдайды бақылау.  Өткен аптада, 10 қаңтарда біздің болжау комиссиясының отырысы болды. Сейсмологиялық зерттеулер кешенін талдау негізінде - 10 - 17 қаңтар аралығындағы жағдайға қорытындысы жасалды. Қорытындыға сәйкес, Алматының сейсмикалық белсенді аймағында магнитудасы 5,5 және эпицентрінде 7 балдан жоғары күшті жер сілкінісі күтілмейді.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға үрейленбеуге, сонымен қатар жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларымен танысуға кеңес берді. Жақында министрлік «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам» деп аталатын арнайы нұсқаулық әзірледі. Оны құзырлы органның және Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің интернет ресурстарынан табуға болады. Сондай-ақ осы тақырып бойынша барлық қажетті ақпаратты қамтитын тегін «Дәрмен» қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктеп алуға болады.