Түркістан облысында көпбалалы аналар саны 38 мыңға артқан

Түркістан облысында 183 мыңнан аса көпбалалы отбасы тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде 60 мыңнан астам ана «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегері атанды. Соңғы бір жыл ішінде көпбалалы аналар саны 38 мыңға артқан. Мамандар демографиялық өсімді халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруымен байланыстырады.

Келес ауданының Бірінші мамыр ауылында тұратын Көштаевтар әулетінде жеті перзенттен 21 бала тарады. 42 жыл бұрын отасқан Ақылбек ақсақал мен Идоят апа бүгінде немере сүйіп, шөберенің қолынан бал жалап отыр. 5 келіні де көпбалалы ана атанды. Отбасы құндылығын сақтап, бірліктің арқасында береке тапты.

Идоят Сыдыққызы, «Алтын алқа» иегері:

- Мен өзім көпбалалы болғанды жақсы көретін едім. Аллаға шүкір, олар – менің бақытым. Барлығы бір-бір үй болды. Әрқайсысында өздерінің перзенттері. Балалы болып жатыр. Шағалы болып жатыр. Әрбір перзентім, немерем дүниеге келген сайын мен қуанамын. Бір бала дүниеге келсе, өзінің артық несібесімен келеді дейді ғой.

Ұл-қыздарына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген жандар татулықтың кілті түсіністікте екенін айтады. Сондықтан шаңырақта шаттық орнап, бір-біріне деген мейірімділік артты.

Соңғы жылдары Келес ауданында халық саны күрт өсіп, көпбалалы атанған аналар саны артып отыр. Әрбір отбасында кемінде 4-5 баладан бар. Мамандар мұны елдегі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының жақсарғанымен байланыстырады.

Гүлнұр Құралбаева, Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Келес ауданы халқының саны өскенін байқаймыз осы бесжылдықта. Аудан бойынша біздің көпбалалы аналарымыздың саны 13 197 құрайды. Оның ішінде «Алтын алқа» игері аналарымыз 1 678, «Күміс алқа» иегері 3 547 құрайды.

Айта кетейік, Түркістан облысында демографиялық өсім айтарлықтай жақсарып, соңғы 12 айда көпбалалы аналардың қатары 38 мыңға артты. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері Келестен бөлек, Жетісай, Сарыағаш, Сайрам аудандарында көптеп тіркелген.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.