Алматыда қоғамдық көліктер тексерілді

Алматыдағы қоғамдық көліктерде екі күннің ішінде 134 құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

«Тасымалдаушы» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы нәтижесі осындай. Полицияның хабарлауынша, автобустарда алкогольдік ішімдік ішу, темекі бұйымдарын пайдалану және ұсақ бұзақылық деректері жиі кездеседі. Тәртіп сақшылары сондай-ақ автобус парктеріне де рейд жасады. Автобустардың техникалық жағдайын қарап, көлік жүргізушілерінің құжаттарын тексерді. Соның барысында жолаушы тасымалдап жүрген жүргізушінің бірінде автобусты басқаруға рұқсат беретін «D» санаты жоқ екені анықталды және айыппұл салынды.

Болатбек Баятанов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- Тасымалдау кәсіпорны басшыларына барлық қоғамдық көліктерді SOS түймесімен жабдықтау ұсынылды. Бұл қызмет осы коммуналдық кәсіпорынның жедел басқару орталығымен ықпалдаса жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар компания өкілдеріне барлық маршруттық көліктерді бейнекамералармен жабдықтау ұсынылады. Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау деректері мән-жайды анықтауға және жолаушылар арасында туындаған дау-дамайды шешуге көмектеседі.