Жезқазған қаласындағы мектепте домбыра пәні оқытылады

Жезқазған қаласындағы мектепте домбыра арнайы пән ретінде оқытыла бастады.

Нәтижесінде айналасы бір жылдың ішінде ұлттық аспапқа қызығушылардың саны еселеп артты. Домбырашылар оркестрі құрылды. Қазір аталған оқу ордасында домбыраны меңгерген шәкірттер саны 200-ге жуық. Тәжірибе ретінде қолға алынған жоба болашақта қаладағы өзге мектептерге де енгізілуі мүмкін.

№13 мектеп домбыраны вариативті пән ретінде өткен оқу жылында бастаған. Басында тәжірибе ретінде бір ғана сыныпқа енгізілген еді. Биыл оқу ордасындағы 2-сыныптар толықтай арнайы пән ретінде оқи бастады. Алғашқы жылы оқушылар ұлттық аспаптың тарихымен танысып, оны қолда ұстау әдістемесін меңгерсе, ал қазір жеңіл орындалатын бірнеше күйді үйреніп алған.

Мөлдір Сембай оқушы:

- Мен көптеген әндер мен күйлерді үйрендім. Мысалы, «Жастар» күйі, «Еркем-ай», «Ақбұлақ» тағы басқа әндер мен күйлерді жаттадым.

Домбыра сабағы аптасына екі рет өткізіледі. Қосымша курс болғандықтан оқу бағдарламасын пән мұғалімі өзі әзірлейді. Ұстаз Жұлдыз Есенова ұлттық аспапты оқушылар бойына тез сіңіру үшін түрлі әдістерді қолданып көрген.

Жұлдыз Есенова, музыка пәнінің мұғалімі:

- Нотамен де үйретіп көрдік. Құймақұлақ әдісі арқылы үйретіп те көрдік. Бірақ, нотамен үйреткен кезде балалардың тең жартысының домбыраға қызығушылығы төмендеп кетеді. Қазіргі кезде мынадай сандық жүйе пайда болды. Бұл жерде пернелердің орналасуын сандар арқылы жаттап алады да, көрсеткенде автоматты түрде тез жаттап алады.

Домбыра арнайы пән ретінде енгізілгелі мектепте ұлттық аспапты жанына серік еткендер қатары артқан. Бүгінде олардың саны 200-ге жуықтайды. Жас ерекшеліктеріне қарай «Домбыра-Дастан» атты бірнеше ансамбль құрылған.

Медет Сейітбек, қалалық білім бөлімі әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі:

- Қазіргі таңда жас ұрпаққа ұлттық құндылықты дәріптеу және ұлттық аспапта ойнауды дамыту бойынша көптеген жұмыстар жасауда. Енді алдағы уақытта осы мектептің тәжірибесін қаламыздағы басқа да білім ұйымдарына тарату жоспарда тұр.

Арнайы пән 5 сыныпқа дейін оқытылады. Одан әрі оқушылардың таңдауына байланысты. Үйренемін деп тілек білдірген балалардың басын қосып үйірме ұйымдастырылады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева