Атырауда онкологиялық аурудың алдын алу шарасы жүріп жатыр

Атырауда жатыр мойны ісігінің алдын алуға арналған профилактикалық шара басталды.

Тұрғындар тегін медициналық тексеруден 27 қаңтарға дейін өте алады. Ол үшін жолдама және әлеуметтік сақтандыру мәртебесі талап етілмейді. Соңғы жылдары әйел-аналар арасында қатерлі ісік диагнозы қойылғандар көбейіп барады. Облыстық онкологиялық диспансерде 5 мыңнан астам адам есепте тұр. Әсіресе 45 пен 55 жас аралығындағы әйел-аналар жұқпалы дертке жиі шалдығады. Қазір облыстық онкологиялық диспансерден 2 кабинет ашылып, скрининг жүргізілуде. Сондай-ақ, келешекте мектептерде 11 жастан қыз балаларды вакцинациялау басталады. Атырауда мектеп оқушыларына екпе егу 2013-2015 жылдары пилоттық жоба ретінде қолға алынған болатын.

Эльмира Сапарова, облыстық онкологиялық диспансердің директоры:

- Сол кезде алынған қыз балаларды бүгінде жастары 23-24 ке келіп қалған жас келіншектер, тұрмысқа шыққан, бөпелі болғандар бар. Сол екпе алған келіншектердің 50 келіншек пен 50 екпе алмаған келіншектен салыстырмалы түрде анализ алған болатынбыз. Сол анализдің қорытындысы бойынша дер кезінде екпе алған қыздарымызда бұл вирустың анықталуы 0.1 пайызды анықтады. Ал екпе алмағандар арасында 18 пайызға шейін анықталды. Ол дегеніміз екпе алмаған қыздар арасында қаупі бар деген сөз.