Алматыдағы жер сілкінісі салдарынан дәрігер көмегіне 44 адам жүгінді

Алматыдағы жер сілкінісі салдарынан 44 адам медициналық көмекке жүгінген.

Олар бас жарақаты, қолын немесе аяғын соғып алу сынды жеңіл және орташа деңгейдегі түрлі жарақаттар алған. Стационарларға жеткізілген 34 ересек адамның 3-і емдеуге жатқызылды. Қалғаны үйлеріне жіберілген. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Оған бұған дейін операция жасалған. Кешегі жер сілкінісі кезінде тағы жарақат алған. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдайы ауыр. Сондай-ақ, 10 бала медициналық көмек алды. Оның 5-і емделуге ауруханаға жатқызылды. Араларында 6 және 7 айлық сәбилер де бар. Жер сілкінісі кезінде біреуі кереуеттен, екіншісі анасының қолынан қолынан құлап жарақат алған. Барлығының жағдайы орташа деп бағалануда. Қазір балалар ем-дом шараларын нейрохирургия және травмотолгия бөлімшелерінде қабылдап жатыр. Ал Алматы қаласындағы барлық емдеу мекемелері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп тұр.