Атырауда жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берілген

Атырау қаласындағы BINOM мектебінде жарылғыш зат қойылған деген ақпарат расталмады, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін жергілікті уақыт 12 сағат 35 минутта полицияның 102 операторына Атырау қаласындағы мектептердің бірінде жарылғыш зат бар деген хабарлама түсті. Дереу сол мезетте оқушылар эвакуацияланды. Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар департаменті мамандары мен құзырлы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектеп ішін толықтай тексеріп, жарылғыш заттың жоқтығына көз жеткізді. Екінші кезекте оқитын оқушылар сабақтарын жалғастырды. Жалған ақпарат таратқан адам әзір анықталған жоқ. 

Жантөре Демешев, облыстық ТЖД басқармасының басшысы:

- Аталған хабарлама бойынша нөмірі 13-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімімнен 9 қызметкер және 2 техника, сонымен қатар апаттың алдын алу медициналық орталығынан 3 қызметкер және 1 бірлік техника жұмылдырылды. Алайда аталған хабарлама расталған жоқ. Былтырғы жылы да осындай 3-4 оқиға болды, иә. Облыстық Полиция департаментіне сұраулар жіберіледі, соған байланысты қылмыстық іске тіркейді.