Жас ғалымдарға қолдау көп

Мәселен, қазіргі таңда гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 727 жоба іске асып жатыр.

Тұтастай алғандай жыл сайын әлемнің жетекші орталықтарында 500-ден астам отандық ғалым тағылымдамадан өтеді екен. Бұдан бөлек жалақысы да жыл сайын өсіп отыр.

Бейбіт Аманбеков ғалымдармен бірлесіп өрт сөндіруге арналған жапсырмалар ойлап тапқан. Жоба 5 жыл дайындалған. Ғылым қорына ұсынылып, арнайы грантты да ұтып алған. Еш жерде қолданылмаған технологиялар арқылы іске асқан жапсырмаларды жасау оңай болмады дейді кейіпкеріміз.

Бейбіт Аманбеков, жоба авторы:

- Өрттің алғашқы бастау алған сәтінде өшіретін жапсырма ойлап таптық. Мұндағы мақсатымыз өрттің алдын алу және халыққа тиімді құрылғы шығару болды. Ғалымдармен ақылдаса отырып микрокапсулалық өрт сөндіру компонентін әзірледік. Дәл осы компонент өрт басталар кезде бірден өшіре алады.

Күн сайын дамыған технология дәуірінде ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес. Ал оның ілгерілеуінде жастардың үлесі зор. Осы мақсатта елде жас ғалымдарға қолдау артып келеді. Жыл сайын бөлінетін гранттан бөлек, қазір баспана, жалақы сынды мәселелері де шешімін тапқан. 

Асылхан Бибосынов, ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

- Ең алдымен жастарды қолдау үшін бізде бірнеше бағыты бар және гранттың бірнеше түрі бар. Біріншісі ол жас ғалым деген. Жас ғалым деген индивидуальды конкурс. Ол жыл сайын 100 адамға беріледі. Екіншісі ол өзінің командасын жинап, 7 адамға дейін ол жобаға бере алады. Ғалымдар тобына беріледі 40- қа толмаған. Жас ғалымдарды қолдаудың 3 түрі ол жалпы конкурста қойылатын талаптың топтың ішіндегілердің 30 пайызы 40- қа толмаған болуы керек.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Отбасы банкімен бірлесіп қабылдаған «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде жас ғалым несие арқылы баспаналы бола алады. Бұл күнде тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін 140-тан астам маман өтінім берген. Олардың 27-сі қолайлы үй іздеп жатса, 110 маман – заем рәсімдеу үстінде. Жалпы ипотекаға үміттілердің дені  - Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысынан. Жоба бас-аяғы 5 жылға есептелген.

Мархабат Сынасапова, банктың бизнесті дамыту басқармасының маманы:

- Ғалымдарға арналған тұрғын-үй бағдарламасының негізгі шарттары жасы 40 жастан аспау керек, қатысушы ғалымның,  сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарында кемінде 3 жыл еңбек өтілу болуы қажет. Алғашқы жарнасы тұрғын үй қорының он пайызы болып есептеледі. Жылдық мөлшерлемесі несиенің 5 пайыз. Сонымен қатар бағасы 20 млн-ға дейінгі тұрғын үйді қазақстанның кез-келген қаласынан сатып алу мүмкіндігі бар.

2024 жылға жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 3 млрд 620 млн теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ жас ғалымдар «Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында да баспана ала алады. Ондағы үйдің бағасы 35 млн теңгеге дейін. Несие бойынша мөлшерлемесі 8 пайыз. Ал алғашқы жарнасы 20 пайыздан 50 пайызға дейін.

Зарина Кәп, тілші:

- 2024-2026 жылдарда жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Жас келсе іске деген қазақ. Заман талабына сай ғылымға қолдау артса, өнертапқыш ғалымдарымыздың да қатары көбейері анық.

Авторлары: Зарина Кәп, Наурызбай Құрманғазы, Ырыстанбек Оспанов