Қызылорда облысында мамандар балықтарды құтқаруға кірісті

Биыл қыс Қызылорда облысына кеш түсті.

Су айдындарын қалың мұз енді жапты. Осы ретте мамандар ақпан айында ағыны аз көлдерде балықтарға оттегі жетіспей, қырылу қаупі туындайтынын айтады. Соның алдын алу үшін табиғат пайдаланушылар мен салалық инспекция қызметкерлері су маржандарын мұз құрсауынан құтқаруға кірісті.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Біз тұрған аумағы 50 гектарлық Иіркөлде мұз 10-15 сантиметр шамасында қатқан. Оны бұрғыламай-ақ сүймен-сүңгімен тесе беруге болады. Жалпы су айдыны 49 жылға жалға берілген. Жеке көл иесі балықтарға оттегі жеткізу жұмыстарын жылына 3-4 рет жүргізеді және оның 3-4 тәсілі бар. Ол жөнінде көл иесінен сұрап білсек.

Қайрат Жұмабаев, табиғат пайдаланушы:

- Бұл аэрация тәсілін мұз жұқа 10 см қатқан кезде ойықтар ойып қоямыз. Ал одан шамалы 15-20 см қатқан кезде осындай қамыс салу жұмыстарын жүргіземіз. Кейбір кезде мұз 1 метрге дейін қататын сәттер болады. Ол кезде мотопомпа арқылы насоспен арасын 20 метрдей қылып, 2 жақтан айдаймыз. Сол кезде сумен қоса ауа да айналып отырады. 2023 жылы көлге 40 мың дана балық салдық. Сазан мен дөңмаңдай балықтарын өсіріп жатырмыз. 

Көл иесі ерте көктемнен қоңыр күзге дейін 6-7 мың тонна балық сатуды көздеп отыр. Сол үшін әр шабақты қызғыштай қорғайды. Қамыс түтікпен ауа жеткізілетін ойықтар арқылы жем де шашады. Ветеринарлар шақырып, су құрамы мен балық ауруларын үнемі зерттеп отырады. Жалпы өңірде осындай суасты оңалту шаралары жүргізілуі тиіс 200-ден аса көл бар.

Ербол Көшкінбаев, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Оның ішінде 175 көл табиғат пайдаланушыға бекітілген. Қалған 26 көл резервтік қорда орналасқан. Бүгінгі таңда 100 шақты көлдің үстінде 500-ден астам ойық жүргізілген болатын.

Балық инспекциясының мамандары енді иесіз көлдердегі балықтардың еркін тыныстауына қолайлы жағдай жасауға кіріседі. Сонымен қатар су айдындарын балықшылар құрып кеткен синтетикалық аулардан тазартады. Жалпы Арал-Сырдария бассейндік инспекция мамандары заңды түрде тіркеуде жоқ балықшыларды көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығын құруға үндейді.  

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.