ШҚО-да тозығы жеткен күре жол өмірге қауіпті болып тұр

Өскемен-Шемонайха-Ресей Федерациясы бағытындағы күре жолдың тозығы жетіп тұр.

Дәл осы трасса бойында жақында ғана жол апаты болып, төрт адам көз жұмды. Осыдан кейін қауіпті учаскеге жылдамдықты шектейтін белгі де қойылды. Жергілікті тұрғындар болса «бұдан келер пайда жоқ» дейді. Олар «тас жол толығымен жөнделмесе, қайғылы оқиғалар қайталана береді» деп алаңдайды. Өйткені қазір қар басып жатқан асфальт үсті көктемде мүлдем көлік жүру мұң болатын шұрық-тесікке айналады.

Өскемен-Шемонайха-Ресей Федерациясына апаратын жолмен тәулігіне мыңнан аса көлік өтеді. Тек аудандық қана емес, халықаралық маңызы жоғары трассаға күрделі жөндеу жасалмағанына бірталай болған. Тек шұңқырлары бітеліп, орташа жөндеуден ғана өтіп келеді. Сондықтан болар жыл сайын кетеуі кетіп барады. Бұл әсіресе ары-бері өткен жолаушылардың арқасына аяздай батады. Өлкеге келген қонақтардың алдында тіпті ыңғайсыз, дейді олар. 

Павел Максимов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Жол жөндеу қызметі біздің трассаға да көбірек көңіл бөлсе екен. Мен, мысалы, көршілес Ресейде жиі боламын. Екі жақтың жолын салыстырсақ айырмашылық айтарлықтай. Туған өлкемнің жолы тақтайдай болып тұрса екен деймін.

Шемонайхадағы елдің тірлігі ауыл шаруашылығы мен кен өндірісіне тәуелді. Яғни халықтың жүріп тұруында республикалық жол сапасының алар орыны айрықша. 

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:

- Иә, халықтың сұранысы да, мұң-мұқтажы да осы жолға байланысты болып тұр. Өйткені күнделікті қарым-қатынас, жұмыс, сауда-саттығы, кәсіпкерлік жұмыстары, бәрі осы республикалық маңызы бар жолға тікелей байланысты болып тұр.

Сарапшылардың айтуынша, мұнда тым құрығанда 5 жылда бір рет орташа жөндеу жасалуы керек. 2018 жылы трассаның 18 шақырымы ғана жөнделіпті. Инженер-маман Айдос Қабылбаев бұл жолдың жайын жақсы біледі. Талай рет тексеріп, әбден тозған бөліктерін тиісті мекемеге жіпке тізгендей көрсетіп берген.

Айдос Қабылбаев, облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

- Бұл жолға былтыр 2023  жылы диагностика жасалды. 102 шақырымға. Нәтижесінде қай жерлерін жөндеу керек, қай телімдерге керегі жоқ, соларды анықтап тапсырушы мекеме Қазавтожолға ұсыныс берілді. 

Ұсынылған басты учаскелердің бірі Первомайка мен Рассыпное ауылдары арасындағы 30 шақырым. Осы бөлікті жөндеу мақсатында енді қаражат бөлінбек. 

Шыңғыс Заитов, "ҚазАвтоЖол" ҰК ШҚО филиалының бөлім бастығы: 

- Биылғы жоспар бойынша 56-86 шақырым аралығын орташа жөндеу көзделген. Оған 3,2 миллиард ақша қарастырылды, Қазіргі таңда конкурс жарияланған. Әзірге 150 миллион теңге бөлінді, мердігер анықталған соң қалған ақша бөлінеді.

Ауыл-аймақтағы елде халықаралық маңызды трассаны жөндеуге енді әкімдік де баса назар аударар деген үміт бар. Өйткені биыл өлкеде «Жол жылы» жарияланды. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов