Абай облысында мектепке қыс ортасында жөндеу жүргізіліп жатыр

Абай облысының Көктерек ауылындағы мектепте қыстың бел ортасында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мерзімінен кешіккен мердігердің салғырттығының зардабын оқушылар мен мұғалімдер тартып отыр.

Құрылысшылар «Ісіміздің ілгері баспауына ауа райы әсер етті» дейді. Ал жергілікті білім басқармасы жөндеу аяқтала салысымен құрылыс компаниясын сотқа бермек.

200-ге жуық оқушы білім алатын Көктерек орта мектебіндегі күрделі жөндеу мамыр айында басталуы тиіс болған. Бұған облыс бюджетінен 260 миллион теңге бөлінген. Алайда тендерді жеңіп алған «Грант Строй Сервис» компаниясы жұмысты бір ай кешігіп бастаған.

Нұрболат Сұлтан, мердігер компания өкілі:

- Материалдар алыстан келеді. Мына жерде материал жоқ. Бірде материал шығады. Қар жауады, басқа болады. Кешігіп келеді. Жұмысшыларға да тұратын жайы қиын болды. Соған байланысты кішкене кешіктік. Желтоқсан айының 16 күні тапсыру керек едік. Ауа райына байланысты кешігіп жатыр. Алла қаласа, осы айдың 31не тапсырамыз деп жатырмыз.

Жөндеудің кеш басталуы оқушыларды да, мұғалімдерді де әуреге салған. Балалар екінші тоқсанда айналдырған 6 кабинетте екі ауысымда оқуға мәжбүр болған.

Нәйлә Барлыханова, мектеп директоры:

- Ремонт жүріп жатқан кезде балалардың өмір қауіпсіздігіне өте көп алаңдадық. Себебі құрылыс жүріп жатқанда біреудің баласына бірдеңке тиіп кете ме деген ойда болдық. Көп ата-аналар наразылық білдіріп келді бізге. Ремонт жүріп жатыр. «Бұл қалай сабақ болады?» деген ой болды. Амалдадық. Енді бізге мына ауылда ешқандай ғимарат жоқ. Мектеп барып орналасып, уақытша оқи тұруға.

Қазір оқушылар мектептің жөнделіп біткен бөлігіндегі сынып бөлмелерінде оқып жатыр. Алайда аяқталмаған жұмыс көп. Спорт және акт залдарының құрылысы бітпеген. Ғимараттың екінші бөлігіндегі балабақша әзірге тоқтап тұр. Облыстық білім басқармасындағылар жауапсыз мердігерді жазасыз қалдырмаймыз деп отыр. 

Әсем Нүскенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол тек қана біздің мектептің жөндеу жұмысы ғана емес, басқа да ұтып алған ғимараттар мен объектілерде тура сондай жағдай болып тұр. Облыс көлемінде олар бірнешеуін ұтып алған. Сотқа беріп, оны жаңағы қара тізімге, мердігерлердің тізімі бар. Соған кіргізуге біз міндетті түрде оны орындаймыз.

Былтыр аймақтағы 11 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жергілікті қазынадан 1 миллиард 370 миллион теңге бөлінген. Биыл өңірдегі екі білім ордасын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұған облыстық бюджеттен 282 миллион теңге қарастырылған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.