Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскерінің оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Ақтаудан 30 шақырым жердегі «Оймашы» полигонында теңіз жаяу әскерінің оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

Оған мыңнан астам жауынгер қатысуда. Бөлімше командирлері ұрыс қимылын басқару әдісін тағы бір пысықтап алмақ. Ал сарбаздар өзіне бекітілген атыс нүктесін қорғап, нысана көздеу шеберлігін шыңдайды. 

Жаттығу кезінде әскерилердің іс- қимылына баға беріледі. Мәселен, жараланған сарбазды қауіпсіз жерге шығару үшін, қарсылас бекінген аумаққа түтін шашкаларын лақтырады. Сарғыш түтін жауынгерлердің оқ астынан кетуіне мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай жиын әскерилерге экстремальды жағдайдан аман-есен шығуды үйретеді. Атап айтсақ, теңіз жаяу әскері қарсыласқа білдірмей қорғаныс шебінде ас әзірлеуге де машықтанған. 

Жәнібек Азанбай, шабуылдау батальонының штаб бастығы:

- Егер де сарбаз өз бөлімшесін жетік меңгерген болмаса бұл жерде ұрыс алаңында жеңіске жету туралы айтуға болмайды. Себебі мамандар дайындығы кезінде әр сарбаз, әр бөлімше командирі қалай жүргізеді соғыс алаңында, қандай нормативтер керек сол басты мақсат. Соған мән беруі керек.

Атыс қаруының ақаусыз атылуына әр сарбаз жауапты. Бұл тұтас бөлімшенің қауіпсіздігі үшін маңызды. Әскери қызметшілер бұған дейін казармада автоматты шашып, тазалап әрі тез жинауға дағдыланған. Қазір жауынгерлер ұрыс жағдайында сынақ тапсырып жатыр деуге болады.

Павел Кривонос, гвардия жауынгері:

- Бүгін біздің бөлімшенің жеке құрамы жауынгерлік атысқа қатысты. Бөлімшеде қатардағы гвардия жауынгерлерінен бөлек пулеметші, гранататқыш, нұсқаушы-оператор және командир бар. Мен калибрі 30 миллиметрлік автоматты зеңбірек атқышымын. Бізге берілген барлық тапсырма мүлтіксіз орындалды.

Оқу-жаттығуға 50-ден астам соғыс техникасы қатысты. Жауынгерлік дайындықтың келесі кезеңінде взвод командирлерінің әр мақсаттағы әскери бөлімдер қимылын үйлестіру шеберлігіне баға берілмек.