Теміржолшылардың еңбек жағдайын жақсарту

Маңғыстау облысында теміржол дистанциясының қызметкерлері модульді демалыс кешендерімен қамтылды.

Соңғы уақытта Маңғыстау және Бейнеу теміржол дистанциялары арасындағы елді мекендерден қашық жерге озық үлгідегі 13 нысан қойылды. Әрқайсысында сплит жүйе, жуынуға арналған және демалыс бөлмесі бар. Осында мамандар ас ішіп, ауысым арасында тынығады.

Наурыз Еспағанбетов №16-шы теміржол бекетінің электромеханигі. Маңғыстау ауылының тұрғыны аптасына бес күн осы жерге қызметтік көлікпен келеді. Бұған дейін қызмет орны ескі нысанда болған. Электр құрал-жабдықтар тұрған ғимаратта демалып, ас ішуге мәжбүр болғанын еске алады. «Осылайша уақытша амалдап, қазір проблема шешілді», - дейді.

Наурыз Еспағанбетов, электромеханик:

- 2022 жылы бізге жаңадан ғимарат беріп, осында көштік. Құрылғылардың барлығын осында көшіріп, қазір осы жердеміз. Жұмысымыздың арасында бір сағаттық үзіліс бар, түскі асқа. Қазір енді шүкір, жақсы. Демалатын орнымыз, обед ішетін жеріміз бар.

Мекеме қызметкерлері теміржол бойындағы автоматика және байланыс құрылғыларының ақаусыз жұмыс істеуін бақылайды. Осы арқылы жүк және жолаушылар пойыздарының кедергісіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Аптап ыстық пен қытымыр қыста далада жүретін мамандардың еңбек жағдайын жақсарту басты назарда.

Рүстем Теңізов, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары:

- 2022-2023 жылдар аралығында 11 модульді демалыс ғимараты берілді. 23 жылы тағы қосымша екі ғимарат берілді. Соның барлығы 5 класты бекеттерге орнатылды. Қазір сонда жұмысшыларымыз уақытылы демалады. Түскі ас ішеді. Соның ішінде барлық тұрмыстық бұйымның барлығы да бар.

Теміржол дистанциясында 243 адам жұмыс істейді. Мамандар қызметтік киім, күнделікті жұмысқа қажет құралдармен толық жабдықталды. Мекеме автопаркін жаңарту мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Жақын арада жол талғамайтын төрт көлік келуі тиіс.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев